Жаңа теміржол желілері қай өңірлерде салынады – министр жауабы

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: kursiv.media, Асқар Ахметуллин

Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев жаңа теміржол желілері салынатын өңірлерді атады.

«Теміржол желісінің өткізу қабілетін одан әрі арттыру үшін бірқатар жаңа жобаларды ұсынамыз. Олардың қатарында Астана – Қарағанды бағытында үшінші жолдарды және Арыс – Қазалы учаскесінде екінші жолдарды салу бар. Сондай-ақ Қызылжар – Шұбаркөл – Есіл және Индербор – Мақат бағыттарын модернизациясы жоспарланған«, – деп мәлімдеді министр үкімет отырысында.

Сонымен қатар министрлік Қарағанды облысындағы Қарағайлы өңіріндегі кен орындарына баратын жолды жаңғырту керек деп санайды.

«Содан кейін көптен бері көтеріліп жатқан жоба: Индербор – Орал. Бұл жоба бір жағынан Оралды тікелей жолмен байланыстырады және Батыс Қазақстандағы кен орындарын дамытуға мүмкіндік береді. Бұл екі жол перспективті жобалар қатарына қосылды», деп түсіндірді ведомство басшысы.

Жалпы алғанда, алдағы үш жылда елде 1391 шақырым жаңа теміржол желісін салу, шамамен 1000 шақырым теміржол желісін жаңғырту, сондай-ақ жылжымалы құрамды жаңартып, терминалдар желісін кеңейту жоспарланып отыр.

Еске салсақ, осыған дейін Нұрлан Сауранбаев Қазақстанда локомотивтердің 49 пайызы тозып тұрғанын мәлімдеді.



Сондай-ақ оқыңыз