Қазақстан мен Қытай атом энергиясындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан мен Қытай атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуде. Бұл туралы Атом энергиясы жөніндегі агенттік хабарлады.
Астанада азаматтық ядролық энергетика саласындағы ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Қытай бірлескен жұмыс тобының алғашқы отырысы өтті.
Атом энергиясы жөніндегі агенттігінің төрағасы Алмасадам Сәтқалиев пен Қытайдың Мемлекеттік энергетика істері басқармасының басшысы Ван Хунчжиа атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы өзара іс-қимылдың өзекті мәселелерін талқылады.
Тараптар осы бағыттағы ынтымақтастықты одан әрі дамытуға ниетті екендерін білдірді.
Серіктестікті одан әрі тереңдетуге бағытталған үйлестіруді күшейту мен практикалық өзара іс-қимылды кеңейтудің маңыздылығы атап өтілді.
Отырыс қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар көрініс тапқан және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы ынтымақтастықтың алдағы бағыттары айқындалған хаттамаға қол қойылды.