Каво-Верде құрамасының 40 жастағы қақпашысы бір түнде жұлдызға айналды

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Кабо-Верде құрамасының 40 жастағы қақпашысы Возинья (Жосимар Диаш)
90 минутта бүкіл әлемге танылған қақпашы / фото: Instagram/David Rosa

Кабо-Верде құрамасының 40 жастағы қақпашысы Возинья (Жосимар Диаш) бір түннің ішінде бүкіл әлемге танылып, нағыз жұлдызға айналды. Испанияға қарсы матчтағы ерлігінен кейінгі санаулы сағатта оның Instagram-ына 6,3 млн адам жазылды. Олардың саны минут сайын өсіп жатыр.

Кабо-Верде қайда орналасқан

Жанкүйерлердің дені бұл елдің қайда екенін біле бермейді. Кабо-Верде – Батыс Африка жағалауынан (Сенегалдан) 570 шақырым жерде, Атлант мұхитында орналасқан шағын арал мемлекет. 1975 жылға дейін Португалияның отары болған бұл елде небәрі 530 мың халық тұрады. Футбол әлемінде осы құраманы мұхит төсіндеге мекеніне сай «Көк акулалар» деп атайды.

Возинья Испанияға қарсы

Әлем чемпионатына алғаш рет қатысып жатқан Кабо-Верде тырнақалды ойынын өте мықты Испания құрамасымен өткізді. Көпшілік испан футболшылары шағын елдің құрамасын оңай жеңеді деп ойлады. Алайда олар «акулалар» қақпасын ардагер Возинья қорғайтынын ескермеген сыңайлы.

Әккі қақпашы Педри мен Ферран Торрестің ең қауіпті соққыларын қайтара білді. Возинья ойын барысында жеті мәрте сәтті сейв жасады. Матч 0:0 есебімен тең аяқталып, Возинья осы кездесудің ең үздік ойыншысы атанды.

Instagram-дағы рекорд

Дүйсенбідегі ойын қарсаңында Возиньяның Instagram парақшасын небәрі 50 мың адам оқитын. Көпшілік сенсацияға балаған матчтан кейін оқырмандар саны 6,2 миллионнан асып кетті. Бұл Кабо-Верденің жалпы халық санынан 11 есе көп.

Испанияға қарсы матчтан соң журналист оған инстасына қанша адам жазылғанын көрсеткен уақытта, қақпашы миллиондарды көріп есінен танып қала жаздады. Әлемдегі ірі медиалар Возинья жетістігі туралы жарыса жазып жатыр.

Ардагерлер мундиалі

Возиньяның осы ерлігі биылғы дүбірлі доданың басты трендіне айналды. 2026 жылғы әлем чемпионаты жас өлшемдерін бұзып, тарихқа «ардагерлер мундиалі» ретінде енді. Біріншілікке 40 жастан асқан 8 футболшы қатысып жатыр. Бұл – рекорд. Спорт медицинасы мен заманауи фитнес атлеттердің кәсіби ғұмырын ұзартты.

Ардагерлер тізімінде Крэйг Гордон (43 жас), Криштиану Роналду (41 жас), Лука Модрич (40 жас), Гильермо Очоа (40 жас) және Эдин Джеко (40 жас) сияқты аңыздар бар. Возинья осы тізімдегі 40 жасар Мануэль Нойермен қатар ең егде қақпашылардың сапында. Кабо-Верде құрамасы да орташа 29,2 жаспен турнирдегі ең тәжірибелі бес команданың қатарына кіріп отыр.

Көз жасы және шынайы өмір

Матчтан кейін қақпашы тікелей эфирде көз жасын тыя алмады. Ол осынау ғажап сәтті өмір бойы армандағанын жасырмады. Оның үстіне, анасы АҚШ визасының қымбаттығы мен құжаттардың кешігуіне байланысты ұлының тарихи ерлігін стадионнан көре алмаған. Қазір Возинья Португалияның екінші дивизионындағы қарапайым «Шавеш» клубында ойнайды.

Испаниядан бір ұпай жұлып алған Каво-Верденің дүбірлі доданың келесі кезеңге өту мүмкіндігі жоғарылай түсті. Шағын ел құрамасы Әлем чемпионатындағы келесі матчын 21 маусымда Уругваймен, ал 26 маусымда Сауд Арабиясымен өткізеді.

Сондай-ақ оқыңыз