ҚТЖ-да басшылар неге қатардағы қызметкерлерден көп жалақы алады

«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы 2024 жылы өндіріс қызметкерлеріне 60 млрд теңге көлемінде сыйақы төледі, ал 2025 жылы бұл көрсеткіш 100 млрд теңгеден асты. Бұл туралы Үкіметтегі брифингте ұлттық компанияның басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов мәлімдеді.
Брифинг барысында БАҚ өкілі ұлттық компания басшылығының сыйақысы 1 млрд теңгеден асқаны туралы бұған дейін жарияланған деректерді еске салды. Оның есебінше, бір басшыға шаққандағы орташа айлық төлем шамамен 4,5 млн теңгені құрауы мүмкін.
Осыған байланысты спикерге компания басшылары мен қарапайым қызметкерлердің жалақысы арасындағы елеулі айырмашылықты орынды деп санай ма және мұндай алшақтықты заңнамалық деңгейде реттеу қажет пе деген сауал қойды.
«Мен бұған дейін бұл мәселені ұлттық компаниялардың директорлар кеңесінің мүшелеріне қатысты қарастырған болатынмын. 2024 жылы «Қазақстан темір жолы» компаниясы өндірісте еңбек ететін қызметкерлерге жалпы көлемі 60 млрд теңге сыйақы төледі. Ал 2025 жылы бұл көрсеткіш шамамен 100 млрд теңгеге жетті. Яғни бұл қаражат өндіріс қызметкерлері мен жұмысшыларға төленді», – деді Алдыбергенов.
Талғат Алдыбергенов басшылыққа төленетін сыйақылар туралы шешімдерді өзі жеке қабылдамайтынын және олардың белгіленген тексеру рәсімдерінен өтетінін атап өтті.
«Бұл бонус емес, сыйақы. Оны төлеу белгілі бір рәсімдерге сәйкес жүзеге асырылады, шешімді мен жеке өзім қабылдамаймын. Төлемдер тиісті тексеруден өтеді», – деді ҚТЖ басшысы.
Сондай-ақ «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Алдыбергенов жеке бизнесі бар екенін растады.