Үздік жүрілген кроссоверлер анықталды: көш басында Toyota мен Honda

Америкалық GOBankingRates сарапшылары екінші нарықтан сатып алуға ең тиімді саналатын жүрілген бес кроссоверді анықтады. Рейтингке сенімділігі, өтімділігі және күтіп-ұстау шығындары аз болатын модельдер кірді.
Тізімді жасау кезінде авторлар iSeeCars сарапшыларының деректері мен Cars.com статистикасына сүйенген. Бір қызығы, аталған жол талғамайтын көліктердің барлығы дерлік қазақстандықтарға жақсы таныс және отандық нарықта бұрыннан ұсынылып келеді.
Toyota RAV4 пен Honda CR-V тағы да үздіктер қатарында
Рейтинг көшін Honda CR-V және Toyota RAV4 бастады. Сарапшылар бұл модельдердің сенімділігін, үнемділігін және күрделі жөндеусіз ұзақ уақыт қызмет ету қабілетін атап өтті. Сонымен қатар CR-V жайлылығымен бағаланса, RAV4 техникалық қызмет көрсету жеңілдігі және нарықтағы өтімділігімен танымал.
Қазақстанда бұл кроссоверлер екінші нарықтағы ең танымал көліктердің қатарында.
Mazda рейтингке бірден екі модельмен енді
Тізімге сондай-ақ Mazda CX-5 және одан ірілеу Mazda CX-9 модельдері кірді. Америкалық сарапшылар бұл көліктерді басқару ыңғайлылығы, сапалы салоны және жалпы жайлылық деңгейі үшін жоғары бағалады.
Қазақстанда CX-5 Toyota мен Honda бәсекелестеріне қарағанда сирек кездеседі. Дегенмен бұл модельдің өз тұрақты тұтынушылары бар. Соңғы айларда мұндай кроссоверлер Қытайдан жеке импорт арқылы белсенді түрде әкеліне бастаған.
Subaru Forester толық жетекті жүйесі үшін жоғары бағаланды
Бестікті Subaru Forester түйіндеді. Сарапшылар оның басты артықшылығы ретінде фирмалық толық жетекті жүйесі мен әмбебаптығын атады.
Қазақстанда Forester моделін әсіресе қысы қатал, жол жағдайы күрделі өңірлердің тұрғындары жоғары бағалайды. Сонымен қатар бұл көлік тас жолда да, жеңіл жолсыз жерде де жүруге қолайлы, сенімді отбасылық автокөлік ретінде мойындалған.
Еске салсақ осыған дейін қазақстандықтардың қандай көлік сатып алып жатқанына шолу жасаған едік.