Ақбөкен еті әскер, ІІМ және ТЖМ қажеттіліктеріне бағытталуы мүмкін

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Ақбөкен
Ақбөкен еті әскер, ІІМ және ТЖМ қажеттіліктеріне бағытталуы мүмкін / Фото: Shutterstock

Ақбөкен етін Қорғаныс министрлігі, Ішкі істер министрлігі және Төтенше жағдайлар министрлігінде азық-түлікпен қамтамасыз ету үшін пайдалануы мүмкін. Бұл туралы премьер-министр Олжас Бектеновтің депутаттық сауалға берген жауабында айтылған.

Құжатта Үкіметтің ақбөкен санының өсуінің ауыл шаруашылығына тигізетін кері әсерін азайту, биологиялық әртүрлілікті сақтау және Қазақстанның жануарлар дүниесі саласындағы халықаралық міндеттемелерін орындау бойынша шаралар қабылдап жатқаны атап өтілген.

Үкіметтің дерегінше, ақбөкендер кеңінен таралған өңірлерде жедел штабтар құрылып, ауыл шаруашылығы алқаптарының тапталу фактілері анықталған кездегі іс-қимыл алгоритмдері бекітілді, инспекторлар күшімен жерлерді патрульдеу ұйымдастырылды, сондай-ақ вахталық әдіспен ауысымдық кезекшілік енгізілді.

Жауапта өткен жылы бұл шаралар егістік және шабындық алқаптарының тапталу ауқымын қысқартуға мүмкіндік бергені айтылған. Биыл бұл жұмыс бүкіл республика бойынша жалғасуда. Оған 396 адам мен 239 техника бірлігі тартылған.

2025 жылы ақбөкендерді табиғи ортадан алу кезінде 30 ет өңдеу кәсіпорнымен шарттар жасалды. Оларға ақбөкен еті одан әрі өңдеу және өткізу үшін берілді.

Сонымен қатар, Үкіметте қазіргі уақытта ақбөкендерді алу көлемі шектеулі екенін атап өтті. Қоймадағы қорларды ескере отырып, нарықты өніммен артық толтыру тәуекелі бар. Бұл өткізілмеген өнім көлемінің өсуіне, өңдеуші кәсіпорындарға қаржылық жүктеменің артуына және олардың өнімді одан әрі өңдеуге деген қызығушылығының төмендеуіне әкелуі мүмкін.

Осыған байланысты Үкімет ақбөкен етінен жасалған өнімді экономикалық айналымға тарту бойынша жұмыс жүргізуде.

«Атап айтқанда, Қорғаныс, Ішкі істер және Төтенше жағдайлар министрліктері бұл өнімді азық-түлікпен қамтамасыз ету жүйесінде және мемлекеттік материалдық резервте пайдалану мәселелерін пысықтап жатыр», — делінген Бектеновтің жауабында.

Бұдан бөлек, «Самұрық-Қазына» АҚ-мен бірлесіп, Тауарлардың бірыңғай номенклатуралық анықтамалығында ақбөкен етінен жасалған өнімдердің тізбесі кеңейтілді. Бұл отандық өндірушілерге сатып алуға қатысуға мүмкіндік беруі тиіс.

Сондай-ақ, ІІМ «Еңбек» РМК ақбөкен етінен жасалған консервіленген өнімді жыл сайын 1 мың тоннаға дейін сатып алуға дайын екенін растады.

Жауапта Ауыл шаруашылығы министрлігі ақбөкендерді сою және биологиялық қалдықтарды кәдеге жарату тәртібін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді қабылдағаны, сондай-ақ ақбөкен еті бойынша ұлттық стандарттарды әзірлегені айтылған. Сонымен қатар, популяцияға ветеринариялық бақылау және тұрақты эпизоотологиялық мониторинг қамтамасыз етілуде.

Бектенов сондай-ақ биыл қазір әзірленіп жатқан ғылыми негізделген ұсынымдарға сәйкес ақбөкендерді алу бойынша іс-шараларды жалғастыру жоспарланып отырғанын хабарлады.

Еске салсақ, Экология және табиғи ресурстар министрлігі 2025 жылы Қазақстан аумағында қанша ақбөкен ауланғанын жария етті. 2025 жылы ақбөкендер популяциясын реттеу аясында табиғи ортадан 196 173 жануар алынды. Енді шілде айында ел аумағында қанша ақбөкен қалғанын жария етпек. 

Сондай-ақ оқыңыз