Саратов – Алматы пойызының вагоны Қазақстанда рельстен шығып кетті

Шиелі – Түркістан теміржол учаскесінде Саратов – Алматы бағытындағы №7/8 жолаушылар пойызының бір вагонының дөңгелек жұптары рельстен шығып кетті.
«Жолаушылар тасымалы» АҚ ақпараты бойынша, оқиға 16 маусымда сағат 12:49-да техникалық себептерге байланысты болған. Жолаушыларға медициналық көмек ұсынылды, алайда олар одан бас тартты.
Оқиғаның салдарын жою және қозғалысты қалпына келтіру үшін оқиға орнына жедел түрде қалпына келтіру пойызы жіберілді.
Сондай-ақ, жолаушыларды тасымалдау үшін қосымша пойыз тағайындалды. Отырғызу және жөнелту жұмыстары жедел режимде ұйымдастырылды.
Ұлттық тасымалдаушы компания жолаушылардан келтірілген қолайсыздықтар үшін кешірім сұрады.
«Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы Есіл – Арқалық учаскесіндегі теміржол өткелінде пойыз бен трактор соқтығысып, тракторшы қаза тапқанын хабарлаған еді.