Қостанайда тұтқындалған азаматтар мен полиция жол апатына түсті

Қостанай орталығында сотқа қатысу үшін бара жатқан бес тұтқын отырған полиция көлігі жол апатына ұшырады, деп хабарлайды «Наша газета».
Апат 16 маусым күні түс мезгілінде болды. Полиция автокөлігі таксимен соқтығысып, бүйіріне аударылып қалған. Полиция департаментінің хабарлауынша, автозак сотқа бес тергеу-тұтқынын апара жатқан.
«Алдын ала деректер бойынша, қызметтік Jac автокөлігі Баймағамбетов көшесімен келе жатып, жарқылдауық маяктары қосулы күйде қиылыстан өту кезінде маневр қауіпсіздігіне көз жеткізбестен, Гоголь көшесімен бағдаршамның рұқсат беру сигналына қарай жүріп келе жатқан Chevrolet Cobalt автокөлігімен соқтығысқан», – делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері оқиғаның барлық мән-жайы мен себептерін анықтап жатыр.
Апаттан кейін бес адам қалалық аурухананың жарақат пунктіне тексерілуге жеткізілді. Зардап шеккен екі полиция қызметкері әлі де сонда тексеруден өтуде.
«Яндекс» таксиінің жүргізушісі жол-көлік оқипасынан зардап шеккен жоқ.
Еске салайық, 21 наурызға қараған түні сағат 03:30 шамасында Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жол апатынан үш адам қаза тапты. Қазір осы іске байланысты шулы сот отырысы өтіп жатыр.