
АҚШ Федералды резерв жүйесінің отырысы 17 маусымда аяқталады. Бұл Кевин Уорштың ФРЖ төрағасы ретіндегі алғашқы отырысы. Нарық мөлшерлеме қазіргі 3,5-3,75% деңгейінде сақталады деп күтіп отыр. Басты назар шешімнің өзіне емес, ФРЖ-ның алдағы риторикасына ауып тұр.
АҚШ-та инфляция қайта күшейді, алайда еңбек нарығы әзірге тұрақты. Сондықтан сарапшылар ФРЖ қазір мөлшерлемені өзгертпейді, бірақ мәлімдеме бұрынғыдан қатаңдау болуы мүмкін деп есептейді. Бұған қоса, АҚШ пен Иран арасындағы келісімге жақын күндері қол қойылуы ықтимал. Бұл мұнай бағасын төмендетіп, инфляциялық қысымды азайтуы мүмкін.

Дегенмен сарапшылар бұл фактор ФРЖ ұстанымын бірден өзгертпейді дейді. Себебі Ормұз бұғазы арқылы тасымал толық қалпына келуі үшін уақыт керек, ал мұнай бағасының төмендеуі инфляция көрсеткіштеріне бірден әсер етпейді.
Негізгі интрига – Уорштың алғашқы мәлімдемесі. Егер ФРЖ инфляция тәуекелі жоғары екенін айтып, болашақта мөлшерлемені көтеру мүмкіндігін ашық қалдырса, бұл нарық үшін «қатаң» сигнал болады. Мұндай жағдайда АҚШ облигацияларының кірістілігі өсіп, қор нарығында қысқа мерзімді түзету болуы мүмкін.
Ал егер ФРЖ сабырлы риторика сақтап, шешімдер экономикалық деректерге байланысты қабылданатынын айтса, нарықтағы оптимизм жалғасуы ықтимал. Әсіресе мұнай бағасының арзандауы инвесторлардың тәуекелге тәбетін қолдап отыр. Бірақ сарапшылар АҚШ нарығында артық оптимизм бар екенін, сондықтан ФРЖ-ның кез келген қатаң сигналы акциялар мен криптоактивтерге қысым түсіруі мүмкін екенін ескертеді.
Еске сала кетейік, сәуірде ФРЖ мөлшерлемені 3,75% деңгейінде сақтап қалған еді.