Алматыда Krisha сайтына 4,3 млн теңге айыппұл салынды

Алматыда Krisha.kz және Korter.kz интернет-платформаларына айыппұл салынды. Қала құрылысын бақылау басқармасының хабарлауынша, бұған заң талаптарына сәйкес келмейтін жарнама себеп болған.
Платформаларда үлестік құрылысқа қатысушылардың қаражатын тартуға рұқсаты жоқ тұрғын үй құрылысы нысандарының жарнамасы жарияланған.
Оларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырылды.
«Заңнамаға сәйкес көппәтерлі тұрғын үйлердің құрылысына азаматтардың қаражатын тартуға, сондай-ақ осындай нысандарды жарнамалауға уәкілетті органның тиісті рұқсаты немесе үлескерлердің құқығын қорғаудың заңда көзделген өзге де тетіктері болған жағдайда ғана жол беріледі. Сайттарда жарнамаланған нысандарда мұндай рұқсат жоқ», – делінген ақпаратта.
Нәтижесінде «Колеса» АҚ-на (Krisha.kz) – 1000 АЕК (4,3 млн теңге), ал «Флетфай-Қазақстан» филиалына (Korter.kz) – 500 АЕК (2,1 млн теңге) айыппұл салынды.
Бастапқы тұрғын үй нарығынан баспана сатып алмас бұрын азаматтарға құрылыс компаниясының үлескерлер қаражатын тартуға рұқсаты бар-жоғын тексеру ұсынылды.
Айта кетейік, 2026 жылдың 1 шілдесінен сенімсіз құрылыс компанияларының ресми «қара тізімі» пайда болады.