«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығына байқау жарияланды

Мәдениет және ақпарат министрлігі биыл байқау 10 номинация түрінен өтетінін хабарлады. Оның ішінде «Әдебиет», «Ғылым», «Дизайн және бейнелеу өнері», «Журналистика», «Классикалық музыка», «Қоғамдық қызмет», «Спорт», «Театр және кино», «Эстрада», «Халық шығармашылығы» атты номинациялар бар.
Кімдер үміткер бола алады?
Мемлекеттік сыйлыққа халықаралық және республикалық деңгейдегі байқаулар мен фестивальдердің лауреаттары, спорттық жарыстардың жүлдегерлері мен жеңімпаздары, сондай-ақ аталған салалар мен тұтастай қоғамды дамытуға ықпал еткен 35 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары үміткер бола алады.
Конкурсқа қатысуға құжат 2026 жылғы 17 маусымнан 17 қыркүйек аралығында (қоса алғанда) қабылданады. Қағаз нұсқадағы өтінімдер Астана қаласындағы Мәдениет және ақпарат министрлігінде қабылданады. Ал электронды құжаттарды daryn2026kz@gmail.com поштасына жолдауға болады.
Жеңімпаздарға «Дарын мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты» атағы беріледі. Мемлекеттік сыйлық иегерлері дипломмен, төсбелгімен, сондай-ақ қаржылай сыйлықпен марапатталады.
«Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы ғылым, шығармашылық және қоғамдық қызмет салаларында жемісті еңбегімен көзге түскен дарынды жастарға тағайындалады.
Айта кетейік, «Дарын» жастар сыйлығы 1992 жылы тағайындалған. Әр жылдары аталған сыйлықты түрлі саладағы 380-дан астам азамат иеленген болатын.