Бюджет тапшылығын жабу үшін Қазақстан сырттан тағы қарыз алады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Business news бөлімінің редакторы
Ел үкіметі тағы қарыз алады / Коллаж: kursiv.media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Қазақстан бюжет тапшылығын жою үшін ірі халықаралық ұйымдардан қарыз алып жатыр. Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, қазір Қазақстан бюджетіне 4,4 трлн теңге жетпейді. Осы қаржының орнын толтыру үшін үкімет ішкі және сыртқы нарықтан қарыз тартуға мәжбүр.

Министр бұл жолы сырттан қарызды арзан пайызбен алып жатқанын айтады. Бүгін Мәжіліс үкіметтің ірі екі халықаралық ұйымнан 1 млрд доллар қарыз алуына келісім берді.

«Біз екі банктен жылдық мөлшерлемесі 1,15 және 1,2 пайызбен 1 млрд долларға жуық қарыз аламыз. Қарызды қайтару мерзімі – 11 жыл. Оның ішінде 5 жылына жеңілдік беріп отыр. Яғни қарыз шарттары өте тиімді», – деді министр.

Дегенмен министр үкімет бұған дейін алынған қарызды жаңа қарызбен жауып жатқанын жоққа шығармады. Такиев сырттан қарыз ала бермес үшін бюджет шығынын қысқартып, салық түсімдерін арттыру керек екенін айтады.

1 сәуірдегі дерекке сәйкес, Қазақстанның мемлекеттік қарызы 39 трлн теңгеден асқан.

Қарыздың көбісі, яғни 35,3 трлн теңгесі тікелей Үкіметке тиесілі. Қызығы сол, берешектің көбі сыртқы емес, ішкі қарыз. Үкімет қарызының 27,1 трлн теңгесі ел ішіндегі инвесторлардан алынған. Бұл – мемлекеттік бағалы қағаздар (облигациялар) арқылы жиналған қаражат.

Сыртқы қарыз мәселесіне келсек, Үкіметтің халықаралық нарықтағы берешегі 8,2 трлн теңге тең. Оның ішінде 4,8 трлн теңге халықаралық қор биржаларында орналастырылған еурооблигацияларға тиесілі.

Сондай-ақ оқыңыз