Қазақстандықтар тауарларын БАӘ-ге жеңілдетілген шарттармен экспорттай алады

Мәжіліс депутаттары Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Біріккен Араб Әмірліктері арасындағы экономикалық әріптестік туралы келісімді ратификациялады.
Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Арман Шаққалиевтің айтуынша, келісімге 2025 жылғы 27 маусымда Минскіде Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысы аясында қол қойылған.
Келісім тауар номенклатурасының 85 пайыздан астамына қатысты импорттық кедендік баждарды алып тастауды көздейді. Соның нәтижесінде қазақстандық өндірушілер өнімдерін Біріккен Араб Әмірліктері нарығына жеңілдетілген шарттармен экспорттау мүмкіндігіне ие болады.
«Импорттық кедендік баждарды алып тастаудан бөлек, келісімге саудадағы техникалық кедергілер, санитарлық және фитосанитарлық шаралар, кедендік ынтымақтастық, ішкі нарықты қорғау тетіктері және басқа да сауда мәселелері енгізілген», – деді Арман Шаққалиев.
Оның айтуынша, кедендік баждарды алып тастау өзара сауданы кезең-кезеңімен ырықтандыру мақсатында өтпелі кезеңдер аясында біртіндеп жүзеге асырылады.
Жалпы алғанда, келісім қазақстандық кәсіпкерлер мен өндірушілердің тауарларын Біріккен Араб Әмірліктері нарығына шығаруға қолайлы жағдай жасап, тараптар арасындағы сауда көлемін ұлғайтуға және оның даму қарқынын арттыруға мүмкіндік береді.
Еске салсақ, Біріккен Араб Әмірліктерінің ірі қаржы институттарының бірі – Abu Dhabi Commercial Bank PJSC (ADCB) Қазақстанда өзінің еншілес банкін ресми түрде тіркеді. Жаңа құрылым «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» АҚ деген атаумен қызмет көрсетпек.