Мемлекет үлесі қысқарды: инвестицияны бизнес өз есебінен көбірек қаржыландыра бастады

2026 жылғы қаңтар–мамырда Қазақстанда негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 6,7 трлн теңгеден асты. Инвестицияның басым бөлігі компаниялардың өз қаражаты есебінен қаржыландырылған. Бұл қаржы көзінің 67,4-ын құрады. Былтырғы тиісті кезеңде көрсеткіш 65,6% еді.
Ал мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаражаттың үлесі айтарлықтай қысқарған. ҚР ҰСБ мәліметінше 2026 жылдың алғашқы бес айында бюджет қаражаты инвестицияның 14,4%-ын құрады. Бір жыл бұрын көрсеткіш 22% болған. Яғни мемлекеттік қаржыландырудың жалпы құрылымдағы салмағы 7,6 пайыздық пунктке төмендеді.
Керісінше, қарыз қаражатының үлесі өскен. Банктердің кредиттері негізгі капиталға салынған инвестицияның 5,7%-ын құрады. 2025 жылғы қаңтар–мамырда көрсеткіш 3,6% болған. Басқа да қарыз қаражатының үлесі де 8,8%-дан 12,5%-ға дейін артты.
Оның ішінде шетелдік банктердің кредиттері жалпы инвестицияның небәрі 0,1%-ын құраса, резидент емес қарыз қаражатының үлесі 3,5% болды. Былтыр көрсеткіш тиісінше 0,3% және 2,8% деңгейінде еді.
Жалпы дерек инвестиция құрылымында жеке сектор қаражатының рөлі жоғары екенін көрсетеді. Сонымен қатар мемлекеттік бюджет үлесінің азаюы аясында қарыз қаражатының салмағы біртіндеп артып келеді.
Еске сала кетейік, өңдеу өнеркәсібіне салынған инвестициялар туралы жазған едік