Павлодарда өрт кезінде терезеден секірген бойжеткен ауруханада көз жұмды

Павлодарда тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерде өрт шығып, 23 жастағы қыз терезеден секірген. Бойжеткен кейін ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы Pavlodarnews.kz жазды.
Павлодар облысы ТЖД мәліметінше, Баян батыр көшесіндегі бес қабатты тұрғын үйдің екінші қабатындағы пәтерде өрт шыққаны туралы хабарлама 12 маусым сағат 03:55-те түскен. Өрт сағат 04:22-де толық сөндірілген.
Құтқарушылар өрттен екі адамды, оның ішінде бір баланы аман алып шықты. Екеуі уланып, ауруханаға жеткізілген.
Өрт сөндірушілер келгенге дейін терезеден секіріп кеткен қыз Павлодар қалалық №3 ауруханасына жеткізілген. Алайда ол медицина мекемесінде көз жұмды. Марқұмның мәйіті сот-медициналық сараптамаға жіберілді.
ТЖД өкілдері өрт шыққан жағдайда дереу 101 немесе 112 нөмірлеріне хабарласу қажет екенін еске салып, терезе мен балкон арқылы өз бетінше шығуға тырыспауға шақырды.
Бұған дейін Астана қаласының Сарайшық ауданында Жүргенов көшесіндегі 10 қабатты тұрғын үйдің 7-қабатынан өрт шықты.