Дастанның бенефисі: Сәтбаев өзінің қоштасу матчында екі гол соқты

Алматының «Орталық» стадионында қазақ футболының тарихына алтын әріптермен жазылатын ерекше кездесу өтті. Қазақстан Премьер-лигасының 17-ші туры аясында «Қайрат» өз алаңында петропавлдық «Қызылжарды» қабылдап, 3:0 есебімен тас-талқан етті.
Бұл матч – лондондық «Челсиге» ауысып бара жатқан 17 жастағы Дастан Сәтбаевтың туған стадионындағы жанкүйерлерімен қоштасу матчы еді. Жас шабуылшы Алматыдағы қоштасу кешін нағыз бенефиске айналдырды.
Матч алдындағы құрмет
Кездесу басталар алдында «Қайрат» футбол клубының қожайыны Қайрат Боранбаев жас талантқа алматылық ұжым сапында 58 ресми матч өткізгенінің белгісі ретінде арнайы естелік жейдені салтанатты түрде табыс етті. Бүкіл стадион өз түлегін Еуропаға үлкен мақтанышпен шығарып салу үшін орындарынан тік тұрып, қошемет көрсетті.
Академия түлектерінің үстемдігі
Бірінші таймда қос команда да сақ ойнап, есеп ашылмаған еді (0:0). Алайда үзілістен кейін «Қайраттың» бас бапкері Рафаэль Уразбахтиннің тактикалық жүрістері мен алаңға қосқан ойыншылары кездесу тағдырын толықтай шешіп кетті. Бапкер екінші таймда құрамды жаңартып, жастарға сенім артты, ал академия түлектері бұл сенімді ақтап, алаңда өздерінің мықтылығын көрсете білді.
Ойынның 59-шы минутында Жоржинионың пасынан кейін Дастан Сәтбаев мергендік танытып, есепті ашты 1:0.
85-ші минутында бапкердің алаңға қосқан жас ойыншылары өз жемісін берді. Академия түлегі Азамат Тұяқбаевтың мінсіз пасынан кейін, тағы бір жас талант Исмаил Бекболат есепті еселеді 2:0.
87-ші минуттында матчтың нүктесін тағы да кештің басты кейіпкері қойды. М. Гуальдың пасын сәтті пайдаланған Дастан Сәтбаев дубль авторы атанды. Есеп 3:0.
Алда – Лондон мен Австралия
Ойын аяқталғаннан кейін стадионда Дастан Сәтбаевты шығарып салуға арналған ресми қоштасу рәсімі басталды.
Сондай-ақ бүгінгі ойында «Қайрат» жанкүйерлері Сәтбаевқа ерекше перфоманс ұйымдастырды.
Естеріңізге сала кетейік, «Челси» басшылығының шұғыл хатынан кейін жас футболшының жоспары өзгерген болатын. Дастан 21 маусымда сырт алаңда «Қайрат» жейдесіндегі соңғы матчын өткізіп, 26 маусымда Лондонға ұшады. Ал қазан айында 18 жасқа толғанын күтпей-ақ, 29 маусым күні «Челсидің» негізгі командасымен бірге Австралиядағы маусымалды турнеге аттанады.