Қазақстанда чемпиондарға ақшалай сыйақы төлеу тәртібі нақтыланды

Туризм және спорт министрлігі 2026 жылғы 3 маусымдағы бұйрығымен Халықаралық спорттық жарыстардың чемпиондары мен жүлдегерлеріне ақшалай көтермелеу төлеу қағидаларын, сондай-ақ, тиісті төлемдердің мөлшерін ресми түсіндіру актілерін бекітті.
Құжат заңнаманың біркелкі қолданылуын қамтамасыз етуге, нормаларды кеңейтіп түсіндіруге жол бермеуге және заңдылық, мөлшерлестік және бюджет қаражатын мақсатты пайдалану қағидаттарын сақтауға бағытталған.
Түсіндірмеде республикалық бюджет есебінен дене шынықтыру мен спортты қаржыландыру «жоғары жетістіктер спорты, оның ішінде басым спорт түрлері» бағыты аясында жүзеге асырылатыны атап өтіледі. Осылайша, ақшалай көтермелеу мемлекеттік қолдаудың арнайы шарасы ретінде қарастырылады және оны кеңейтіп түсіндіруге жол берілмейді.
Төлемдерді тағайындау шарттары
Ақшалай көтермелеулер бір мезгілде мынадай талаптарға сай келетін халықаралық жарыстарда қол жеткізген нәтижелері үшін ғана төленеді:
- жоғары жетістіктер спорты жүйесіне жататын;
- спорт түрі бойынша ресми мәртебесі бар;
- халықаралық жарыстар (оның ішінде ересектер арасындағы) тізбесіне енгізілген;
- белгіленген құжаттармен расталған.
Бұл ретте кез келген халықаралық жарыс төлем жасау үшін негіз бола бермейді.
Әлем чемпионаттарына қойылатын талаптар
Төлемдер ересектер арасындағы әлем чемпионаттарында қол жеткізген нәтижелер үшін қарастырылғаны түсіндіріледі:
- олимпиадалық, паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлері бойынша;
- дисциплина немесе салмақ дәрежесінде кемінде 20 елдің өкілдері қатысқан жағдайда олимпиадалық емес спорт түрлері бойынша.
Турнирдің атауы мен жүлделі орын алуы ғана емес, сонымен қатар оның мәртебесі, халықаралық федерацияның ресми күнтізбесіне енуі, сондай-ақ оның эгидасымен (басшылығымен) өткізілуі де құқықтық маңызға ие.
Шектеулер және төлеу тәртібі
Төлемдер бөлінген қаражат шегінде және ағымдағы қаржы жылының соңына дейін республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады, бұл олардың мақсатты және шектеулі сипатын айқындайды. Жарыстың расталған мәртебесінің болмауы немесе белгіленген критерийлердің сақталмауы ақшалай көтермелеу мөлшерлерін қолдану мүмкіндігін жоққа шығарады.
Министрлік ақшалай көтермелеулер спортшыларды, жаттықтырушыларды және ұлттық құрама мүшелерін мемлекеттік қолдау шарасы болып табылатынын, ол жоғары жетістіктер спортының ресми халықаралық бәсекелестік жағдайында жоғары нәтижелерді ынталандыруға бағытталғанын атап өтті.
Бұған дейін Спорт министрлігі Бибісара Асаубаеваның үндеуіне жауап берген.