Өзбекстандық жанкүйерлер Мехико әуежайын шулатты (видео)

Мексикаға табан тіреген Өзбекстан құрамасының жанкүйерлері жергілікті әуежайға қонған бойда мерекелік шоу ұйымдастырды. Қазақстандық блогер Артұр Асқарұлы өзінің парақшасында өзбекстандық жанкүйерлердің атой салып жатқандарын көрсетті.
Дойра үні мен ұлттық нақыш
Мұхит асып келген өзбекстандық жанкүйерлер әуежайдың жүк алу залында-ақ өздерінің келгенін ерекше мәлімдеді.
Ұлттық аспаптары – дойраны күмбірлете қағып. Бастарына дәстүрлі тақия мен өзбек нақышындағы бас киімдерін киіп, әуежай ішін ән мен биге толтырды.
Ұзақ жолдан шаршағандарына қарамастан, олардың бойындағы энергия мен Орталық Азияға тән қонақжайлық, көңілді мінез әуежайдағы өзге саяхатшылар мен жергілікті қызметкерлерді де бейжай қалдырмады. Көптеген шетелдіктер бұл ерекше сәтті телефондарына түсіріп, таңданыстарын жасыра алмады.
Әлеуметтік желі қолданушылары, соның ішінде көршілес қазақстандық жанкүйерлер де видео астына: «Өзбек бауырларға сәттілік!», «Нағыз қолдау осындай болуы керек!» деген ақ тілектерін жаудырып жатыр.
Айта кетейік, Өзбекстан Әлем чемпионатындағы алғашқы ойынын 18 маусым күні сағат 07:00 де Колумбияға қарсы өткізеді. Ойынды Qazsport арнасы тікелей эфирде көрсетеді.
Осы ойынға байланысты, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 18 маусым күні барлық мемлекеттік мекемелерде жұмыс күнін екі сағатқа шегерді.