Бүктелетін iPhone шығаратын Apple басшысы бағаны көтеретінін ескертті

Apple бас директоры Тим Кук компания өнімдерінің бағасын көтеруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Топ-менеджер мұндай қадамды микросхема шығыны өсіп бара жатқанымен түсіндірді.
Wall Street Journal басылымына сұхбат берген Кук бағаны не үшін көтергелі жатқанын екі-ақ сөзбен түсіндірді: тапшылық және жасанды интеллект.
ЖИ жаңғырығы
Қазір әлемде жасанды интеллект өте қатты дамып жатыр. Оны жұмыс істету үшін алып серверлер мен дата-орталықтар (мәліметтер базасы) керек. Ал серверлерге өте көп көлемде сапалы жад қажет. Соған байланысты жад чиптеріне талас күшейді.
Қазір чип шығаратын зауыттарға алып технологиялық компаниялардан тапсырыс қарша борап жатыр. Соның салдарынан телефон мен компьютерге чип жетпей қалды. Чип зауыттары серверлерге арналған бөлшектерді жасаумен айналысып кеткендіктен, қарапайым смартфондар мен ноутбуктерге қойылатын чиптер азайды. Тапшылық туды.
Бағаның көтерілуі
Тауар аз, ал оны сатып алғысы келетіндер көп болғандықтан, чиптердің бағасы күрт көтерілді. Apple қымбат чиптер үшін өз қалтасынан төлегісі келмейді. Компания шығынды жабу үшін iPhone, Mac секілді өнімдерінің бағасын қымбаттатуға мәжбүр.
Қысқаша айтқанда, жасанды интеллект кесірінен чиптер жетіспей, бағасы өсіп кетті. Сондықтан Apple де өз өнімдерін қымбаттатады.
«Өкінішке қарай, бағаны көтеруге мәжбүрміз. Біз оны тым асырып жібермеуге тырысамыз, бірақ жағдай мың құбылып тұр», – дейді Кук.
2026 жылғы қыркүйекте Apple бас директоры қызметінен кететін топ-менеджер баға нақты қашан көтерілетінін айтпады.
Reuters мәліметінше, компания қыркүйекте алғашқы бүктелетін iPhone, сонымен бірге iPhone 18 Pro және Pro Max шығарғалы отыр. Енді жаңа өнімдер нарыққа қымбат бағамен түсуі әбден мүмкін.
Естеріңізге сала кетейік, 9 маусымда Apple компаниясы жаңа iOS 27 жүйесін таныстырды. Соның арқасында Siri-ге ақыл кірді.
Бүктетілетін жаңа iPhone Ultra-ның дизайны мен түсі қандай болатынын білгіңіз келсе, Kursiv.Media мақаласын оқыңыз.