Өзбекстан Әлем чемпионатындағы алғашқы голын соққанымен, Колумбияға есе жіберді

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Өзбекстан Колумбияға гол соқты / фото: uzbekistanfa

Футболдан Әлем чемпионатының 1-туры аясында Өзбекстан құрамасы өз тарихындағы маңызды матчтардың бірін өткізді. FIFA рейтингінде 50-орында тұрған өзбекстандықтар 13-сатыдағы мықты Колумбия құрамасымен кездесіп, 1:3 есебімен тартысты ойында есе жіберді.

Бұл ойын Өзбекстан үшін жеңіліспен аяқталғанымен, ел футболының тарихына Әлем чемпионатындағы алғашқы гол соғылған матч ретінде енді.

Бірінші тайм: Колумбияның басымдығы

Ойынның алғашқы минуттарынан бастап қос құрама да сақ қимылдап, қорғанысқа мән берді. Алайда латынамерикалықтар тәжірибесінің арқасында бірінші болып есеп ашты.

Бірінші таймның соңында Луиш Диаздың берген пасынан кейін Муниос Өзбекстан қақпасын дәл көздеп, есеп ашты (0:1).

Екінші тайм: тарихи гол және Диаздың жауабы

Екінші таймда Өзбекстан құрамасының бас бапкері ойынға бірден екі өзгеріс енгізіп, Хамдамов пен Сайфиевті алаңға шығарды. Бұл тактикалық жүріс тез арада нәтижесін берді.

Ойынның 60-минутында Өзбекстан Әлем чемпионатында алғашқы голын соқты. Құраманың жарық жұлдызы Аббосбек Файзуллаев мергендік танытып, таразы басын теңестірді.

Алайда қуаныш ұзаққа созылмады. Араға бес минут салып, Г. Пуэртаның пасымен Колумбияның басты жұлдызы Луиш Диаз мергендік танытып, командасын қайтадан алға шығарды (1:2).

Өзбекстан ойыншылары ойынның соңына дейін есепті теңестіруге бар күшін салды. Бірақ та колумбиялықтар соңғы қосылған 90+8 минутта ойынның нүктесін қойып, есепті 1-3 қылды.

Өзбекстан құрамасы Әлем чемпионатындағы алғашқы матчында әлемнің үздік ұжымдарының біріне лайықты қарсылық көрсете алатынын дәлелдеді. Аббосбек Файзуллаевтың тарихи голы ел футболының жаңа белесін бастап берді. Алда әлі топтық кезеңнің маңызды ойындары бар, сондықтан жанкүйерлердің үміті зор.

Бұған дейін, өзбекстандық жанкүйерлер Мехикоға қонған бойда дәстүрлі дойра аспабын күмбірлете қағып, әуежай ішін ән мен биге бөлеген еді. 

Сондай-ақ оқыңыз