Мәскеуді қара түтін басты: дрондар шабуылынан мұнай зауыты өртенді (видео)

18 маусымға қараған түні Мәскеу қаласы мен облысы дрондардың жаппай шабуылына ұшырады. Солардың бірі қала аумағындағы мұнай өңдеу зауытына түсіп, мегаполистің бір бөлігінің аспанын қою қара түтін торлады.
Дрондар шабуылы
Мәскеу мэрі Сергей Собянин жергілікті уақытпен таңғы сағат 8:17-де (Астана уақытымен 10:17) шамамен 180 ұшқышсыз ұшақ аппараты атып түсірілгенін мәлімдеді. Содан кейін де Мәскеуге қарай ұшқан тағы бірнеше дрон туралы ақпарат берді. Мегаполис басшысының айтуынша, қалдықтары құлаған жерлерде құтқарушылар жұмыс істеп жүр.
Дрондардың бірнешеуі Мәскеу аумағындағы мұнай өңдеу зауытына жетіп, шикізат қоймалары жарылды. Өндіріс нысаны өртке оранды. Одан шыққан қою қара түтін Ресей астанасындағы бірнеше ауданның аспанын басып қалды. Суреттер мен видеолар әлеуметтік желілерде көптеп тарап жатыр.
Тағы бірнеше ауданға дрондар қалдығы түскені туралы мәлімет тарап жатыр.
Әуе кеңістігі жабылды
Ресей астанасындағы әуежайлардың бәрі бейсенбі күні таңертең ұшуды доғарды. Ал «Аэрофлот» әуе компаниясы жолаушыларға әуежайға бармауды сұрады. Шереметьево әуежайы жолаушыларды қауіпсіз орынға эвакуациялап, ұшу кестесін қайта қарап жатыр. Астана уақытымен сағат 13:00-де онда ұшақ қабылдау және ұшыруға шектеу алынып тасталды. Дегенмен Внуково, Домодедово және Жуковский әуежайлары рейс орындауды тиісті органдармен келісіп барып жүзеге асыруға тиіс.
Зеленский мәлімдемесі
Украина президенті Владимир Зеленский соғысты аяқтайтын уақыт келгенін тағы да атап өтті.
«Бір аптаның ішінде екінші рет Мәскеу мұнай өңдеу зауытына соққы жасалды. Соғысты аяқтайтын уақыт келді. Ресей дипломатия арқылы тиісті қадам жасауға тиіс», – деп мәлімдеді украин президенті.
Ресей мен Украина арасындағы соғыс 2022 жылғы 24 ақпанда басталған. Сол түні федерация күштері көрші ел аумағына басып кірген. Кейінгі уақытта Киев Ресейдің энергетика нысандарына жиі шабуылдап жүр.