Алматы тұрғындары үшін қоқыс шығару құны өсті

Алматыда қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму тарифтері қайта қаралды.
Абаттандырылған және абаттандырылмаған секторлардың тұрғындары үшін бір адамға шаққандағы ай сайынғы төлем енді 744,1 теңгені құрайды. Бұған дейін тариф 718,5 теңге деңгейінде болған еді. Осылайша, қызмет құны 25,6 теңгеге немесе шамамен 3,6%-ға өсті.
Сондай-ақ, бір текше метр қатты тұрмыстық қалдықты шығару тарифі де артты. Енді ол бұрынғы 3 303,9 теңгенің орнына 3 832,5 теңгені құрайды. Өсім 528 теңгеден асты немесе шамамен 16%-ды құрады.
Жаңа тарифтер 16% мөлшеріндегі қосылған құн салығының мөлшерлемесі ескеріле отырып есептелген. Өсім салықтық жағдайлардың өзгеруіне және қатты тұрмыстық қалдықтармен жұмыс істеу бойынша қызмет құнын қалыптастыру кезінде ҚҚС-ты ескеру қажеттілігіне байланысты. Тарифке қоқысты жинау, тасымалдау, сұрыптау және көму шығындары енгізілген.
Қызмет құнының өскеніне қарамастан, азаматтардың жекелеген санаттары үшін төлемнің жеңілдікті шарттары сақталады. Ұлы Отан соғысына қатысушылар қоқыс шығару қызметіне ақы төлеуден толығымен босатылған. Ұлы Отан соғысына қатысушыларға теңестірілген тұлғаларға, I топтағы мүгедектігі бар адамдарға, бала кезінен мүгедектерге, мүгедектігі бар балалардың ата-аналары мен заңды өкілдеріне, сондай-ақ жетім балаларға 50% көлемінде жеңілдік қарастырылған.
Бұдан бөлек, II топтағы мүгедектігі бар тұлғаларға және халықтың әлеуметтік осал топтарының өкілдеріне 25% көлемінде жеңілдік беріледі.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда коммуналдық тарифтердің қалай қымбаттағаны туралы жазған едік.