Lixiang компаниясы L6 гибридті кроссоверін жаңартады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Li Auto L6 жаңа буыны таныстырылады / Фото: autohome.com.cn

Li Auto компаниясы L6 моделінің жаңа буыны 2026 жылдың шілде айында таныстырылатынын ресми түрде растады. Бұл туралы компанияның өнім желісі бойынша жетекшісі Ли Синьян мәлімдеді.

Жаңартылған көлік энергия жүйесі, интерьер жабдықтары және автопилот технологиялары бойынша елеулі өзгерістерге ие болады.

Жаңа Li Auto L6 қазіргі 36,8 кВт·сағ аккумулятордың орнына сыйымдылығы 51 кВт·сағ болатын Li Auto 5C батареясымен жабдықталады. Соның арқасында көлік тек электр қуатымен WLTC стандарты бойынша 234 шақырымға, ал CLTC стандарты бойынша шамамен 300 шақырымға дейін жүре алады.

Сондай-ақ аккумулятор жылдам қуаттау технологиясымен жабдықталған. Өндірушінің мәліметінше, небәрі 10 минут ішінде 200 шақырымға жететін жүріс қорын толықтыруға болады.

Фото: commons.wikimedia.org

Көліктің салоны да айтарлықтай жаңартылады. Рөлдегі шағын дисплей алынып тасталып, оның орнына флагмандық Li Auto L9 моделіндегідей үлкен алдыңғы экран орнатылады. Артқы қатардағы жолаушылар үшін жайлылық пен жеке кеңістікті арттыру мақсатында күннен қорғайтын арнайы перделер қарастырылған.

Жаңа Li Auto L6 моделінің барлық жиынтықтары толық жетек жүйесімен жабдықталады. Көлікке Li Auto L9 моделіндегі шешімге ұқсас екі камералы пневматикалық аспа мен CDC жүйесіндегі екі клапанды амортизаторлар орнатылған.

Сондай-ақ алдыңғы буындағыдай қосымша генератор қызметін атқаратын гибридті күштік қондырғы сақталады.

Автономды жүргізу жүйесі үшін көлік Mach M100 интеллектуалды жүргізу платформасымен жабдықталады. Қосымша опция ретінде қоршаған ортаны дәлірек анықтау үшін үш бүйірлік LiDAR сенсорын орнатуға болады.

Көліктің габариттері өзгеріссіз қалған:

  • ұзындығы – 4935 мм;
  • ені – 1960 мм;
  • биіктігі – 1735 мм;
  • доңғалақ базасы – 2920 мм.

Сыртқы дизайнда жартылай жасырын есік тұтқалары қолданылған. Сонымен қатар модель гибридті күштік қондырғысын сақтап қалған.

Өндіріс шығындарын бақылау мақсатында жаңа буындағы Li Auto L6 көлігі 800 вольттық белсенді аспамен жабдықталған Livis нұсқасын алмайды.

Айта кетейік сәуірде Бейжің автосалонында Li Auto компаниясы жаңартылған флагман – Lixiang L9 Livis моделін таныстырған болатын. Оның бағасы шамамен 560 мың юань (38,1 млн теңге) деп жарияланды.

Сондай-ақ оқыңыз