«Қайратпен» қоштасқан Дастан Сәтбаев мектеп бітіру кешінде бой көрсетті

Кеше ғана Дастан Сәтбаев «Қайрат» футбол клубымен қош айтысып жатса, бүгін жас футболшы алтын ұя мектебімен қоштасу кешінде бой көрсетті.
Дастан Сәтбаев мектепті үздік аяқтаған дарынды шәкірттердің бірі ретінде сахнаға көтерілген. Бұл туралы ұстаздар қауымы өз парақшаларында мақтанышпен бөлісті.
Ұстаздардың мақтанышы
Әлеуметтік желідегі жазбада мектеп әкімшілігі мен мұғалімдері жас футболшының жетістігіне ерекше тоқталып өтті:
«Мектебімізде білімді де талантты оқушылар көп. Биыл да «Алтын белгі» иегерлері мен үздік аттестат иелері қанат қақты… Солардың бірі – біздің мақтанышымыз, талантты футболшы Дастан Сәтбаев. Осындай шәкірттердің болашағына куә болып, аттестатын табыстау – үлкен мәртебе», – деп жазды мектеп ұстазы өзінің парақшасында.
Дастан Сәтбаев үшін бұл апта өзгерістерге толы болды. Жақында ғана футболшының алматылық «Қайрат» клубымен қоштасу рәсімі өткен еді. Енді мектеп бағдарламасын тәмамдап, қолына ресми аттестатын алды.