Қазақстандық студенттер ипотека рәсімдей ала ма

Оқу оқып жүріп пәтер сатып алу мүмкін емес сияқты көрінеді. Ипотека алу үшін ресми табыс, қомақты алғашқы жарна және зейнетақы жарналары қажет. Жалғыз табысыңыз стипендия болса, ипотекаға үй алу мүмкін бе? Осыған байланысты krisha.kz талдау жасап көрді.
Студенттерге ипотека беріле ме?
Банктердің стандартты ипотекалық бағдарламалары ресми табысы бар азаматтарға арналған. Әдетте банктер соңғы алты айдағы жұмыс өтілі мен зейнетақы жарналарының бар-жоғын растауды талап етеді.
Егер студент ресми түрде жұмыс істемей, тек стипендия ғана алатын болса, екінші деңгейлі банктерден (ЕДБ) ипотека рәсімдеу мүмкін емес. Себебі стипендия ресми табыс көзі ретінде қаралмайды.
Сонымен қатар, көптеген банктерде жас шектеулері бар. Кейбір бағдарламалар тек 21 жастан бастап қана қолжетімді.
Дегенмен ережелерге бағынбайтын жағдайлар да бар.
Студент қандай ипотека ала алады?
Студенттер Отбасы банкінің «Наурыз» бағдарламасына қатыса алады. Бағдарламаға қатысу жасы 18 жастан жоғары.
Бағдарлама шарттары бойынша стипендия өтінімді қарау кезінде ескерілетін табыс көздеріне жатады. Ол төлем қабілеттілігін бағалау кезінде табыстар тізіміне ресми түрде енгізілген.
«Наурыз» бағдарламасы бойынша мыналар ресми табысқа жатады:
- Жалақы;
- Кәсіпкерлік қызметтен түсетін табыс;
- Қызмет көрсету шарттары бойынша төлемдер;
- Жәрдемақылар;
- Тұрғын үй төлемдері;
- Стипендия.
Мемлекеттік грантта оқитын студенттер ипотека рәсімдей алады. Егер студент стипендия алып, әрі ресми түрде жұмыс істейтін болса, ипотека алу мүмкіндігі жоғарылайды. Банк бұл жағдайда жалақыны да, стипендияны да ескереді.
«Наурыз» бағдарламасының шарттары
Бағдарлама бойынша несие мөлшерлемесі әлеуметтік әлсіз топтар үшін 7%-ды, ал қалған қатысушылар үшін 9%-ды құрайды.
Алғашқы жарна көлемі таза әрленген пәтер сатып алғанда 10%-дан, ал бастапқы немесе немесе қайталама нарықтағы баспананы алғанда 20%-дан басталады.
Ипотеканың ең жоғары сомасы Алматы мен Астана қалалары үшін 36 млн теңгеге дейін, ал басқа өңірлер үшін 30 млн теңгеге дейін белгіленген, сонымен қатар несие 19 жылға дейінгі мерзімге беріледі.
«Наурыз» бағдарламасы бойынша биылғы өтінімдерді қабылдау аяқталып қойды, бірақ бағдарлама тағы бес жыл бойы жұмыс істейді.
Студенттерге қойылатын талаптар қандай?
«Наурыз» бағдарламасына қатысу үшін студент:
- Қазақстан азаматы болуы немесе қандас мәртебесіне ие болуы керек;
- Соңғы бес жыл ішінде меншігінде баспанасы болмауы тиіс;
- Отбасы банкінен депозит ашып, онда кемінде 2 млн теңге жинауы қажет.
Егер алғашқы жарна болмаса не істеу керек?
Бастапқы жарнаны жинауға ата-анасы немесе басқа да туыстары көмектесе алады. Егер олардың Отбасы банкінде депозиті болса, оны студенттің салымымен біріктіруге болады.
Сондай-ақ зейнетақы жинағының артық бөлігін пайдалануға болады. Жеткіліктілік шегінен асатын зейнетақы жинақтарын жақын туыстарына аударуға рұқсат етілген.
Егер табыс жеткіліксіз болса не істеу керек?
Банк стипендияны ескерген күннің өзінде, оның көлемі қажетті қарыз сомасын алуға жетпей қалуы мүмкін.
Мұндай жағдайда қосалқы қарыз алушыларды тартуға болады. Мысалы, студент ипотеканы ата-анасымен, аға-інісімен, апа-сіңлісімен немесе төлем қабілеттілігін тексеруден өтуге табысы жететін кез келген басқа адаммен бірге рәсімдей алады.
Сонымен қатар елде жетім балалар үшін баспана алу талаптары жеңілдеген еді.