Қазақстан нарығына Nissan мен Infiniti-дің төрт жаңа моделі шығады

Қазақстандағы Nissan және Infiniti брендтерінің ресми дистрибьюторы Orbis Auto жергілікті нарыққа шығатын жаңа модельдер туралы мәлімет берді. «Курсив Авто» 2026 жылдың соңына дейін Қазақстанда қандай көліктер пайда болатынын және олар туралы белгілі ақпараттарды ұсынады.
Қазақстан нарығына Infiniti-дің екі кроссовері келеді
Алдағы таныстырылымдардың бірі – жаңартылған Infiniti QX60 моделі болмақ. Толық жетекті кроссовер жеті орындық, үш қатарлы салонмен ұсынылады. Автокөлік көлемі 3,5 литрлік, қуаты 279 ат күші болатын атмосфералық V6 қозғалтқышпен және тоғыз сатылы автоматты беріліс қорабымен жабдықталады.

Оған жаңа Infiniti QX65 моделі қосылады. Купе үлгісіндегі SUV көлігі 268 ат күші бар, 388 Нм айналу моментін шығаратын 2 литрлік VC-Turbo турбоқозғалтқышпен жабдықталады. Сондай-ақ автокөлік толық жетекті жүйе және тоғыз сатылы автоматты беріліс қорабымен ұсынылады.

Nissan X-Trail жаңартып, Qashqai Glory моделін әкеледі
Nissan бренді үшін басты жаңалықтардың бірі – жаңартылған X-Trail моделі болмақ. Қазақстан нарығында кроссовер 181 ат күші бар 2,5 литрлік бензин қозғалтқышымен және X-Tronic вариаторымен ұсынылады.
Сатып алушыларға алдыңғы жетекті және толық жетекті нұсқалар қолжетімді болады. Сонымен қатар кроссовер жеті орындық, үш қатарлы салон құрылымын сақтайды.

Тағы бір жаңа модель – Қытайда шығарылатын Nissan Qashqai Glory кроссовері болмақ. Автокөлік 149 ат күші бар, 194 Нм айналу моментін беретін 2 литрлік қозғалтқышпен, X-Tronic вариаторымен және алдыңғы жетекті жүйемен жабдықталады.

Компания өкілдері Қазақстан нарығына арналған нұсқа жергілікті климат жағдайына бейімделетінін атап өтті. Ол үшін автокөлікке «жылы» опциялар пакеті қосылады.
Кезекте – жаңа пикап
Сонымен қатар дистрибьютор жаңа Nissan Frontier Pro толық жетекті пикапын нарыққа шығару мүмкіндігін қарастырып жатыр. Қазір модельді шығару мәселесі келісу кезеңінде.

Алдын ала мәлімет бойынша, пикаптың капотының астында 258 ат күші бар, 400 Нм айналу моментін беретін 2 литрлік турбоқозғалтқыш орналасады. Ол сегіз сатылы автоматты беріліс қорабымен жұптастырылады.