Қазақстан Ауғанстанға 319 тонна гуманитарлық көмек жіберді

Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин бастаған қазақстандық делегация гуманитарлық және іскерлік миссиямен Ауғанстанға барды. Елге жалпы салмағы 318,8 тонна болатын гуманитарлық жүк жеткізілген.
Көмек құрамында қант, дәрі-дәрмектер, шатырлар және басқа да ең қажетті заттар бар.
Делегациямен бірге Кабул қаласына тоғыз қазақстандық дәрігер ұшып барған. Олар бір апта бойы пациенттерге кеңес беріп, практикалық көмек көрсетеді, сондай-ақ ауғандық медиктер үшін мастер-кластар өткізеді.
Үкіметтің мәліметінше, Қазақстан Орталық Азия елдерінің арасында Ауғанстанға гуманитарлық көмек жеткізетін ең ірі мемлекет болып қала береді.
Оған дейін Қазақстан Иранға гуманитарлық көмек жіберген. Иранға азық-түлік пен дәрі-дәрмек тиелген 30 теміржол вагоны жіберілді.