Әлем чемпионатына алғаш рет қатысып жатқан Кабо-Верде келесі кезеңге шығуға жақын тұр

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Кабо Верде
Кабо-Верде құрамасы / фото: FIFA

АҚШ-тың Майами қаласындағы «Хард Рок» стадионында футболдан 2026 жылғы Әлем чемпионатының Н тобындағы 2-тур матчы аяқталды. Халқының саны жарты миллионнан әрең асатын Кабо-Верде аралдары бұл турда да сенсация жасап, Уругвай құрамасымен 2:2 есебімен тең ойнады.

Ойынға норвегиялық төреші Эспен Эскос төрелік етті. Матчтың алғашқы голын 21-минутта Кабо-Верде құрамасы мен «Краснодар» клубының жартылай қорғаушысы Кевин Ленини соғып, аралдықтарды алға шығарды. Уругвайлықтар бірінші таймның соңына қарай жауап қатты: 44-минутта қорғаушы Максимилиано Араухо есепті теңестірсе, 45+6-минутта Агустин Каноббио Уругвайды алға шығарды.

Дегенмен Кабо-Верде берілген жоқ. Ойынның 61-минутында шабуылшы Элио Варела таразы басын теңестіріп, құрамасына маңызды 1 ұпай сыйлады.

Н тобындағы жағдай

Кабо-Верде құрамасы осымен екінші матчта қатарынан алпауыт ұжымдардан ұпай алып, турнирдің басты сенсациясына айналып отыр.

Еске сала кетейік, 1-турда Кабо-Верде Испаниямен тең ойнап, сол ойында 40 жастағы қақпашы бір түнде жұлдызға айналды.

Енді, топтық кезеңнің соңғы, 3-туры 27 маусымда өтеді. Ол күні Уругвай Испанияға қарсы шықса, Кабо-Верде Сауд Арабиясымен өз ара мықтыны анықтайды.

Ереже бойынша, әр топтан үздік шыққан екі команда және 3-орын алған ең үздік 8 құрама плей-офф кезеңіне жолдама алады. 27 маусым күні Кабо-Верде аралдары Сауд Арабиясын жеңген жағдайда топтан шығады.

Сондай-ақ оқыңыз