Қытай инвесторы Қасқасу тау шаңғы кластеріне 172 млрд теңге құяды

China Construction қытай холдингі Түркістан облысындағы Қасқасу тау курортына 172 млрд теңге инвестиция құюды көздеп отыр. Бұл туралы өңір әкімдігі таратқан мәліметте айтылды.
Қытай алпауыты Қасқасуда
Қытайдың ірі корпорациясы Түркістан облысындағы туризм кластеріне қызығушылық танытып жатқанын Kursiv.Media бұған дейін де жазған. Өткен аптада көрші елден келген кәсіпкерлер инвестициялық жобаны таныстырған. Бірақ ол кезде инвестиция көлемі айтылмаған.
China Construction Sixth Engineering Bureau Corp. LTD – алпауыт холдингтің алтыншы бөлімі шамамен 172 млрд теңге (шамамен 350 млн доллар) инвестициямен кіргелі жатыр. Бұл туралы Түркістан облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаевтың Қасқасуға сапары барысында айтылды.
Әкім «Сайрам-Өгем» ұлттық табиғи паркінде экологиялық туризмді дамыту мәселелеріне арналған көшпелі кеңес өткізген. Іс-шараға елуден астам отандық және шетелдік әлеуетті инвестор қатысқан. Жиында экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев баяндама жасаған.

1,5 млн адам демалады
Мәліметтерге қарағанда, China Construction 300 га жерде ауқымды кешен салуды көзеп отыр. Мұнда шаңғы жолдары 12,7 шақырымға созылады. Қасқасуда жылына 1,5 млн адам демалады деп жоспарланған.
Тау кластері инфрақұрылымын дайындаудың алғашқы кезеңіне 350 млн теңге қажет екені айтылды.
Қытайлар құйған миллиардтарға туристік ауылдар, қонақүйлер, отбасылық демалыс аймақтары, спорт және ойын-сауық нысандары, сонымен бірге заманауи аспалы жолдар салынады.

Қасқасу – Түркістан облысы Төле би ауданы аумағындағы таулы шатқал. Ол Батыс Тянь-Шань тау жүйесінің Өгем және Қаржантау жоталарында орналасқан.
Бұған дейін Қасқасу жобасы Франциядағы әйгілі Куршевель курортының қазақстандық баламасына айналатыны сөз болған.