Ұлттық банк 34,5 млрд теңге зейнетақы қаржысына Отбасы банк облигациясын сатып алған

Ұлттық банк мамыр айында зейнетақы қорындағы қаржының 34,5 млрд теңгесіне «Отбасы банктің» облигацияларын сатып алған. Бұл туралы инвестициялық басқаруға қатысты есепте жазылған.
Өткен айда елдегі екінші деңгейлі банктердің бағалы қағаздарына салынған зейнетақы қаржысы 39,85 млрд теңгеге артып, 679,68 млрд теңгені құрады. Жалпы портфельдегі үлесі 2,57%-ға жетті.
Соның ішінде 34,48 млрд теңгеге «Отбасы Банк» ТҚЖБ» АҚ облигациялары сатып алынды.
Қазіргі кезде зейнатақы активтері «Отбасы банктен» бөлек, Alatau City Bank, Forte Bank, Bank RBK, «Еуразиялық банк», БЦК және Халық банктің бағалы қағаздарына инвестицияланған. Осы облигациялары бойынша орташа алынған кірістілік жылдық 16,25%-ды құрап отыр.
Жалпы жыл басынан бері Ұлттық банктің инвестициялық саясаты негізінде зейнетақы қорындағы активтердің кірістілігі 3 пайызды құраған.