Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер қызметтен кететінін мәлімдеді

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармер 22 маусым, дүйсенбі күні қызметтен кететінін ресми түрде мәлімдеді.
«Қазір партиям келесі жалпыұлттық сайлауда саяси ұйымды мен бастап бара алам ба деген сауалға бас қатырып жүр. Мен парламенттік фракцияның жауабын тыңдап, оны құрметпен қабылдадым. Әрбір шешімім шексіз сүйетін елімді бірінші орынға қоюдан туады. Сол себепті мен Лейбористік партия басшысы қызметінен кетемін», – деп мәлімдеді саясаткер. Оның сөзін CNN таратты.
Стармердің айтуынша, ол дүйсенбі күні таңертең Ұлыбритания королімен сөйлесіп, шешімін жеткізген.
Енді саяси ұйым жаңа басшысын сайлауы тиіс. Премьер-министрдің айтуынша, үміткерлерден өтініш қабылдау 9 шілдеде басталып парламенттің жазғы демалысы аяқталғанға дейін созылады.
Стармер партия ішіндегі сайлау аяқталғанға дейін премьер қызметін атқара береді. Жаңа басшы қыркүйекте билікке келуі тиіс.
Сарапшылар оның орнын Энди Бернхэм басуы мүмкін деп топшылайды. CNN мәліметінше, әзірге нақты шешім қабылданбаған және саяси науқанға партияның басқа да ықпалды тұлғалары араласуы мүмкін.
Сөз соңында Стармер көзіне жас алып, әйелі Викторияны құшақтап, қолдау көрсеткеніне алғыс айтты.
«Елдегі ең маңызды қызметтен кетіп, ең маңызды жұмысыма кірісем: әйелім Викторияға сенімді жар, балаларыма үздік әке болам», – дейді өксігін әзер басып сөйлеген саясаткер.
Кир Стармер 2024 жылғы сайлауда айқын басымдылықпен жеңіске жетіп, премьер-министр атанған. Алайда оның үкіметінің заңсыз иммиграцияны бақылауға дәрменсіздігі, экономиканың әлсіреуі саясаткерге деген сенімді түсіріп жіберді.
Соған байланысты лейбористік депутаттар оның 2029 жылғы сайлауға жеңіске жететіне күмәндана бастаған.