Hyundai Elantra-ның жаңа буыны қашан шығатыны белгілі болды

Hyundai жаңа буындағы Elantra моделін таныстырады. The Korean Car Blog мәліметінше, седан толықтай жаңартылған дизайнмен ұсынылады. Бұл жолы 17 дюймдік дисплей, жасанды интеллект негізіндегі көмекші және гибридті күштік қондырғысымен ерекшеленбек.
Сыртқы келбеті айтарлықтай өзгерген
Соңғы рендерлер мен тыңшылық фотосуреттерге қарағанда, 2027 жылғы Elantra бұрынғыдан да сәнді әрі премиум сипатқа ие болады. Седан брендтің фирмалық стилін сақтағанымен, радиатор торының жаңа дизайны бар жаңартылған алдыңғы бөлікпен ерекшеленеді.
Көліктің артқы бөлігі де өзгеріске ұшыраған, жаңа Elantra қапталынан қарағанда флагмандық Hyundai Grandeur моделін еске салады. Артқы бөлігінде 3D-эффект беретін шамдар орнатылып, олар көлікті визуалды түрде кеңірек көрсетеді.

Батырмалардың орнын экран басады
Салондағы басты жаңалық – жаңа 17 дюймдік орталық дисплей болмақ. Көліктің көптеген функциялары, соның ішінде климаттық жүйе де осы экран арқылы басқарылады.
Сонымен қатар Hyundai дәстүрлі экрандардан бас тартпақ. Жүргізушінің алдына диагоналі 9,9 дюйм болатын ықшам цифрлық аспаптар панелі орнатылады. Нәтижесінде интерьер бұрынғыдан да қарапайым әрі заманауи сипатқа ие болады. Сондай-ақ жаңа рөл мен соңғы буындағы Grandeur стилінде жасалған жіңішке алдыңғы панель ұсынылады деп күтілуде.
Рөлдегі жасанды интеллект
Сегізінші буындағы Elantra (CN8) брендтің Android платформасына негізделген жаңа Pleos операциялық жүйесімен жабдықталған алғашқы модельдерінің бірі болады. Жүйеге жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін Gleo дауыстық көмекшісі енгізіледі. Жүйе күрделі дауыстық командаларды түсініп, бірнеше тапсырманы бірден орындай алады.
Гибридті технологияларға басымдық берілген
Жаңа седан TMED-II буынындағы гибридті жүйемен жабдықталады. Hyundai мәліметінше, бұл қондырғы қазіргі модельмен салыстырғанда отын шығынын азайтып, күштік агрегаттың жұмысын анағұрлым бірқалыпты етеді.
Өндіруші гибридті технологияларды дамытуға ерекше көңіл бөліп отыр. Сондықтан мұндай нұсқалар жаңа Elantra модельдік қатарының маңызды бөлігіне айналмақ.
Тұсаукесері қашан өтеді
Модельдің ресми таныстырылымы 26 маусым күні Оңтүстік Кореяда өтетін Busan Mobility Show 2026 көрмесінде болады деп күтілуде. Осыдан кейін компания ішкі нарықта алдын ала тапсырыс қабылдауды бастайды.
Жаңа буындағы Hyundai Elantra Солтүстік Америка нарығына 2027 жылдың алғашқы жартысында шығуы тиіс.
Еске салаайық, Hyundai Auto Kazakhstan отандық нарықтағы 388 дана Tucson NX4 FL моделі үшін арнайы сервистік науқан басталғанын жариялады. Шара аясында көліктердің қауіпсіздік жүйесіне жауапты бағдарламалық жасақтамасы тегін жаңартылады.