ҰБТ ережесін бұзған алғашқы талапкердің тест нәтижесі жойылды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
238 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды / Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі

ҰБТ кезінде ереже бұзған бір талапкердің нәтижесі жойылды. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі хабарлады.

10 мамырда басталған негізгі тестілеу кезеңінен бері 624 ереже бұзу фактісі анықталған. 385 талапкер смартфон, смарт-сағат, микроқұлаққап, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді.

Тағы 238 адам тестілеу кезінде ереже бұзғаны үшін аудиториядан шығарылып, олардың нәтижесі жойылған. Тестілеуге басқа адамның орнына кірген тұлғалар анықталмаған.

«Бейнежазбаларды тексеру барысында бір талапкердің нәтижесі жойылды. Ол тестілеу ережесін бұзған. ҰБТ аяқталғаннан кейін бейнематериалдарды талдау 31 қазанға дейін жалғасады. Егер тыйым салынған заттарды пайдалану немесе ереже бұзу фактілері анықталса, нәтижелер жойылады», –  делінген хабарламада.

10 мамырында басталған негізгі ҰБТ-ны барлығы шамамен 292 мың рет тапсырған. Тестілеуге қатысушылардың 72%-ы қазақ тілін, 28%-ы орыс тілін таңдаған, ал 469 рет тест ағылшын тілінде тапсырылған.

Алтыншы апта қорытындысы бойынша талапкерлердің 68%-ы шекті балл жинаған. Орташа нәтиже 64 балды құрады. Ең жоғары 140 балды Павлодар облысынан келген Әсет Альтаир иеленді.

Еске салсақ, бұған дейін негізгі ҰБТ басталғалы бері 474 талапкердің емтихан ережесін бұзғаны үшін жауапкершілікке тартылғанын жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз