Әлеуметтік желіде алауыздық қоздырғандар 20 жылға дейін сотталуы мүмкін

Әлеуметтік желілерде алауыздықты қоздырғандар 2 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Бұл туралы Бас прокуратураның баспасөз қызметі хабарлады.
Бас прокуратура мұндай әрекеттерге мүлдем жол берілмейтінін және заңға сәйкес қатаң түрде қудаланатынын еске салды.
«Қылмыстық кодекстің 174-бабына сәйкес алауыздықты қоздырғаны үшін жасалған іс-әрекеттің ауырлығына қарай 2 мыңнан 7 мың АЕК дейін айыппұл салу не 2 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түріндегі жаза көзделген», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар онлайн-платформаларда құқыққа қайшы контентті орналастыруға және таратуға тыйым салынған. Егер мұндай әрекеттерде қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-1-бөлігіне сәйкес 20 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады.
Жалған ақпаратты орналастырғаны және таратқаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-2-бабының 3-бөлігіне сәйкес әкімшілік жауапкершілік көзделген.
Ал көрінеу жалған ақпарат таратқан жағдайда, Қылмыстық кодекстің 274-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.
«Мұндай жарияланымдардың авторлары ғана емес, оларды саналы түрде таратуға қатысқан адамдарға да құқықтық салдар туындайтынына назар аудартамыз», – деп ескертті прокуратура.
Бас прокуратура азаматтарды арандатушылыққа ермеуге, тексерілмеген ақпаратты таратпауға, қоғамдық келісіммен азаматтар арасындағы өзара құрметке нұқсан келтіруі мүмкін жарияланымдар мен пікірлерден бас тартуға шақырды.
Бұған дейін Ішкі істер министрлігі интернет пен мессенджерлерде терроризм актісі туралы жалған ақпарат тарату деректерінің жиілеп кеткенін, мұны жалған хабарлама таратушылар «әзіл» немесе «қалжың» ретінде қабылдайтынын айтты. Бұл әрекет үшін күдікті бас бостандығынан айырылуы мүмкін.