Елорда картасы өзгерді: Астанада қай аудан тез өсіп жатыр

Kursiv.Media зерттеуінше, Астана халқы 2017 жылдан бері 1 млн адамнан 1,64 млн адамға дейін өсті. Яғни тоғыз жыл ішінде елорда тұрғындарының саны шамамен 631 мың адамға немесе 62,6%-ға көбейген.

Қала өскен сайын оның ішкі құрылымы да қатты өзгерді. 2017 жылы Астана халқының ең үлкен бөлігі Сарыарқа ауданында тұрған еді – 343,8 мың адам, яғни қала халқының 34%-ы. Ал 2026 жылы бұл ауданның үлесі 21,5%-ға дейін төмендеді. Тұрғын саны айтарлықтай азайған жоқ, бірақ қалада жаңа аудандар пайда болып, халық басқа бөліктерге көбірек шоғырлана бастады.
Ең жылдам өскен аудандардың бірі – Нұра ауданы. 2022 жылы мұнда 158,1 мың адам тұрса, 2026 жылы тұрғын саны 304,1 мыңға жеткен. Төрт жыл ішінде аудан халқы екі есеге жуық көбейді. Қазір Нұра ауданы Астана халқының 18,6%-ын құрайды.
Есіл ауданы да өсім көрсетіп отыр. 2017 жылы ауданда 177,7 мың адам тұрса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 320,7 мың адамға жетті. Осылайша Есілдің қала халқы ішіндегі үлесі 17,6%-дан 19,6%-ға өсті.
Астана аудандары: халық үлесіндегі өзгеріс
2017–2026 жылдар аралығындағы аудандық құрылым. 2025 жыл дерегі берілмегендіктен көрсетілмеді
Дереккөз: ҚР ҰСБ, Kursiv MediaАл Алматы ауданының үлесі күрт төмендеген. 2024 жылы мұнда 397,2 мың адам тұрса, 2026 жылы көрсеткіш 251 мың адамға дейін азайған. Бұл халықтың жаппай көшіп кетуінен емес, көбіне әкімшілік бөліністің өзгеруімен байланысты болуы мүмкін. 2026 жылғы деректе жаңа Сарайшық ауданы пайда болған, онда 192,4 мың адам тұрады.
Жалпы дерек Астананың жай ғана үлкейіп жатқанын емес, қаланың ішкі салмағы да өзгеріп жатқанын көрсетеді. Бұрын халық негізінен Сарыарқа мен Алматы аудандарына шоғырланса, қазір өсімнің негізгі бөлігі Нұра, Есіл және жаңа Сарайшық секілді аудандарға ауысып барады.
Тағы да оқыңыз: Дәл осылай Алматы халқы қай ауданда көп шоғырланғаны туралы талдап жазған едік.