«Қорықпаймыз»: өзбек футболшылары Португалияға қарсы матчта бар күшін салады

Өзбекстан құрамасы Әлем чемпионатының келесі кезеңіне өту үшін бар күшін салады. Футболшылар Португалияға қарсы ойында соңғы секундқа дейін күреседі. Команда бапкері Фабио Каннаваро осылай деп мәлімдеді.
Өзбекстан мен Португалия құрамалары арасындағы матч 23 маусым, сейсенбі күні Астана уақытымен кешкі сағат 22:00-де басталады. Ойын АҚШ-тың Хьюстон қаласында өтеді.
Бір тәулік бұрын өзбек футболшылары Атлантадан Хьюстонға келіп жетті. Құраманың негізгі дайындық базасы «Atlanta United Training Center» кешенінде орналасқан. Футболшыларды Хьюстонда бір топ жанкүйер күтіп алды.

Шешуші матч қарсаңындағы брифингте бас бапкер Фабио Каннаваро бүгінгі ойынға қатысты ойын ортаға салды.
«Біз Португалияның футбол философиясын зерттеуге тырыстық. Олар әрдайым допқа иелік ету арқылы ойын басқарғанды ұнатады. Кездесу басында өте белсенді ойнайтынын да білеміз. Өйткені мүмкіндігінше тезірек ойынды өз пайдасына бұруды, қорғанысты бұзып өтуді қалайды», – деп есептейді ол. Каннавароның айтқандарын Өзбекстан ұлттық құрамасының баспасөз қызметі таратты.
Роналду бастаған құрамаға қалай тойтарыс беру жағы ойластырылған.
«Біз де бұған дайындалдық. Өз жоспарымыз бен стратегиямыз бар. Алаңда өзімізге тән ойын көрсетуге тырысамыз. Біз өте күшті командамен ойнайтынымызды білеміз, бірақ бұдан қорықпаймыз«, – дейді Каннаваро.
Әлем біріншілігінің алғашқы ойынында Колумбиядан 1:3 есебімен жеңіліп қалған Өзбекстанға жеңіс немесе тең ойын қажет. Әйтпесе чемпионатпен уақытынан бұрын қоштасуға тура келеді.
«Қолымыздан келетін ең жақсы ойынды көрсетуге және кездесудің соңына дейін күресуге тырысамыз», – деп отыр Фабио.
Өзбекстан чемпионаттағы алғашқы ойынын Мехикода өткізген. 18 маусымдағы матчта өзбектер гол соққанымен, үш гол жіберіп алған.