Саяси партияларға бюджеттен қанша қаржы жұмсалған

Биыл жазда Қазақстандағы саяси науқан қыза түседі. Өйткені 1 шілдеден өз күшіне енетін жаңа Конституцияға сәйкес, Парламент Сенаты мен Мәжіліс депутаттары өкілеттігін тоқтатады.
Оған қоса «Парламент» атауы да өзгеріп, орнын «Құрылтай» басады. Жаңа Ата Заңға сәйкес, енді елдегі заң шығарушы орган «Құрылтай» деп аталып, бір палатадан тұрады. Құрылтайға кіретін 145 депутат 5 жыл мерзімге сайланады.
Құрылтай сайлауы тамыз айында өтіп, су жаңа депутаттар жұмысын қыркүйектен бастауға тиіс. Сондықтан елдегі партиялар саяси додаға дайындалып жатыр. Мәселен отыз жылдық тарихы бар Amanat партиясы «күш біріктіру» үшін жақында ғана құрылған «Әділет» партиясына қосылды.
Қазақстанда референдум, сайлау сынды саяси науқандар, саяси партиялардың қызметі, Орталық сайлау комиссиясының жұмысы бюджет есебінен қаржыландырылады.
Осы ретте Kursiv.Media VIII шақырылым құрамына өткен саяси партиялардың қызметіне мемлекет қазынасынан қанша қаржы бөлінгенін саралап көрді.
Әр дауыс үшін партияға ақша төленеді
Бюджет қаржысы саяси партиялар арасында сайлауда жинаған дауыс үлесіне қарай бөлінеді. Ол Орталық сайлау комиссиясының сонау 2009 жылғы 3 қыркүйектегі № 166/314 қаулысымен бекітілген ережеге сай есептеледі.
Яғни Мәжіліске өткен саяси партияларға жұмсалатын ақша соңғы сайлауда сол партияға дауыс берген әрбір сайлаушы үшін 0,65 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде есептеледі. Бұл қаражат Орталық сайлау комиссиясы партиялық тізіммен сайланған депутаттарды ресми тіркеген айдан бастап төленеді.
Саяси партиялар республикалық бюджеттен бөлінген қаражатты тек өздерінің жарғылық мақсат-міндеттерін жүзеге асыруға жұмсай алады. Бұл ақшаны сайлауалды үгіт-насихат жұмыстарына, соның ішінде БАҚ-та сөз сөйлеу, көпшілік шараларын өткізу, үгіт материалдарын басып шығару және кандидаттардың жол шығындарын өтеуге пайдалануға тыйым салынады.
Сондай-ақ бюджет ақшасын кәсіпкерлік, қайырымдылыққа жұмсауға және партия мүшелері өзара бөліп алуға болмайды.
Егер партиялардың заң бұзғаны анықталса, қаржыландыру тоқтатылады, ал мақсатсыз жұмсалған қаражат бюджетке қайтарылуға тиіс. Ал партиялардың жыл соңына дейін игеріп үлгермеген, яғни артылып қалған ақшасы бюджетке қайтарылмайды.
VIII шақырылым құрамында қандай партия бар?
Сегізінші шақырылым депутаттары өз жұмысын 2023 жылдың 28 наурызында бастаған. Сол жылы 19 наурызда өткен сайлауда партиялық тізім бойынша 69 мандат бөлінді, тағы 29 депутат бірмандатты округтерден сайланды. Орталық сайлау комиссиясының есебі бойынша 6 партия 5%-дық межеден асқан.

Ең көп дауыс жинаған партияға бөлінетін ақша да қомақты болады. VIII шақырылым жұмысын бастаған 2023 жылы саяси ұйымдарды қаржыландыру, сол кездегі ережеге сәйкес, әр дауыс үшін ең төменгі жалақының 3 пайызы көлемінде есептелген.
Яғни 2023 жылы Қазақстанда ең төменгі жалақы 70 мың теңге болған. Әр дауыс үшін соның 3 пайызы – 2100 теңгеден бөлініп, жалпы 6 партияға 9,6 млрд теңгеден аса қаражат жұмсалған.
Ал 2024 жылы мемлекет қазынасынан 10,1 млрд теңге жұмсалса, 2025 жылы бөлінген қаржы 15,2 млрд теңгеге жеткен.
Биыл қай партияға қанша қаржы бөлінді?
Қаржы министрлігінің Kursiv.Media сауалына берген жауабына сәйкес, 2026 жылы партиялардың жұмысына мемлекет қазынасынан жалпы 17,7 млрд теңге бөлінген. Бұл сома әр партияның Мәжілістегі орны мен саяси салмағына қарай өзара бөліске түсті.
Қаржының ең қомақты бөлігі, яғни 10,2 млрд теңгесі Аmanat партиясының еншісіне тиген. Тізімді әрі қарай 2,1 млрд теңгемен «Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы жалғастырады.
Олардан кейінгі кезекте тұрған Respublica мен «Ақ жол» демократиялық партиясының әрқайсысына 1,6 млрд теңгеден бұйырған.
«Қазақстан халық партиясы» да қалыс қалмай, 1,3 млрд теңге еншіледі, ал «Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясына» 0,9 млрд теңге бағытталды.
2026 жылдың 5 айында жоспарланған қаржының 6,9 млрд теңгесі игерілген.
Саяси партияларды қаржыландыруға 17,7 млрд теңге көзделген
Ең көп қаржы «АМАНАТ» партиясына қарастырылған. Оның үлесі жалпы соманың жартысынан асады.
Қаржыландыру жоспарына сәйкес 6,9 млрд теңге игерілді. Бұл жылдық соманың шамамен 39%-ына тең.
Қаржыландыру көлемі ҚР ОСК-нің 2009 жылғы 3 қыркүйектегі №166/314 қаулысымен бекітілген қағидаларға сәйкес есептеледі.
Сайлауға қанша қаржы кетеді
«2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджетке» сәйкес, биыл сайлау өткізуге 11,2 млрд теңге, сонымен қатар сайлау өткізуді ұйымдастыруға 1,4 млрд теңге жұмсау жоспарланған. Бұл ақша негізінен ауыл мен аудан әкімдерін сайлауға жұмсалады.
Сайлаудан бөлек, ОСК жұмысына 12,6 млрд теңге бөлу қарастырылған.
Құрылтай сайлауына қаржы үкімет резервінен бөлінбек, алайда қанша кететіні әлі нақтыланбаған.
Қаржы министрі Мәди Такиевтің айтуынша, министрлік Орталық сайлау комиссиясының есебін күтіп отыр. Сайлау комиссиясы маусымның соңына дейін саяси науқанға қанша қаражат қажет екенін есептеп беруі керек.
Дегенмен Орталық сайлау комиссиясының (ОСК) хатшысы Шавхат Өтемісов биыл жаздағы сайлау референдумнан қымбатқа түсетінін мәлімдеген. Өтемісов саяси доданы өткізуге жұмсалатын ақша дайындыққа кететін уақыт, ОСК мүшелері жұмыс істейтін мерзім мен оларға төленетін жалақыға байланысты болатынын айтқан.
Биылғы саяси доданың мерзімі әлі анықталмағандықтан, Құрылтай құрамына кіретін партиялар қалай қаржыландырылатыны белгісіз.