Ауыл партиясының съезінде төраға ауысты

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
Ауыл партиясының съезінде төраға ауысты / Фото: Партияның баспасөз қызметінен

23 маусымда «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезекті тыс Съезі өтіп, онда ұйымның басшылығы ауысты. Партияны бұған дейін басқарып келген Серік Егізбаев өз еркімен қызметінен кетті.

Съезд барысында екі негізгі мәселе қаралды: партияның ағымдағы міндеттері және елдің жаңа Конституциясына сәйкес ұйым Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу.

Төрағаның кету себебі

Серік Егізбаев өз мәлімдемесінде бұл шешімді партияның болашағы мен ішкі динамикасын дамыту қажеттілігімен түсіндірді. Оның айтуынша, конституциялық реформадан кейін қоғамда жаңаруға деген үлкен сұраныс пайда болған.

«Бүгінгі саяси сәт барлық прогрессивті күштерден лайықты жауап беруді талап етеді. «Ауыл» партиясы бұл үдерістерден шетте қалмай, аграрлық және әлеуметтік күн тәртібіне жаңа көзқарастар әкелуі тиіс. Төрағалық қызметті тоқтатуым — партияның жаңа саяси жүйедегі сайлауларға толыққанды қатысуға дайындығын көрсететін заңды қадам», – деді С. Егізбаев.

Ол сонымен қатар партия қатарында қалып, жаңа басшылыққа жан-жақты қолдау көрсетуді жалғастыратынын жеткізді.

Жаңа басшы кім?

Серік Егізбаевтың ұсынысымен және съезд делегаттарының бірауыздан қолдауымен «Ауыл» партиясының жаңа төрағасы болып Қайрат Айтуғанов сайланды.

Қайрат Айтуғанов – аграрлық экономика, мемлекеттік қызмет және ғылым саласында 40 жылдан астам тәжірибесі бар белгілі мемлекет қайраткері. Ол бұған дейін партия төрағасының орынбасары қызметін атқарып, ауылдық аймақтарды дамытуға бағытталған заңнамалық бастамаларға белсене араласқан.

Қайрат Айтуғановтың еңбек жолы:

  • ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі, аппарат басшысы;
  • «ҚазАгро» ұлттық холдингі мен «Оңтүстік» ӘКК басқарма төрағасының орынбасары;
  • Қарағанды облысы әкімінің орынбасары;
  • ҚР Кәсіподақтар федерациясы төрағасының орынбасары;
  • Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының және С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің басқарма төрағасы.

Съезд соңында делегаттар елдегі конституциялық өзгерістерге байланысты партияның жаңа Жарғысын бекіту туралы шешім қабылдады. Желілік инсайдерлердің пікірінше, бұл ауыс-түйіс партияның алдағы саяси науқандар алдындағы рестартингі (қайта түлеуі) іспетті.

Айта кетейік, осыған дейін «Ауыл» партиясына әнші Мөлдір Әуелбекованың мүше болғаны туралы жазған едік.

Сондай-ақ оқыңыз