«ҚазАвтоЖол» жолдарды жөндеуге 93 миллиард теңге несие алды

Жарияланды
General news бөлімінің журналисі
КазАвтоЖол
«ҚазАвтоЖол» жолдарды жөндеуге 93 миллиард теңге несие алды / Фото: Қазавтожол

«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Еуропалық инвестициялық банкпен 93,8 млрд теңге сомасына қарыз беру туралы келісімге қол қойды, деп хабарлады компанияның баспасөз қызметі.

Қаржыландыру жалпы ұзындығы 382 км болатын 36 жол учаскесін орташа жөндеуге бағытталады. Ерекше маңыз Каспий бағытына беріледі. А-33 Доссор – Құлсары – Бейнеу – Сай-Өтес – Шетпе – Жетібай – Ақтау порты жолында 88 км жабындыны жаңарту жоспарлануда. Бұл жолды модернизациялау Қазақстанның Азия мен Еуропа арасындағы транзиттік көпір ретіндегі рөлін күшейтуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ жоба аясында Таскескен – Бақты – ҚХР шекарасы автожолының 81 шақырымы және Ақсай – Шонжы – Қалжат жолының 50 шақырымы орташа жөндеуден өткізіледі.

Ақтөбе, Қызылорда, Шымкент, Тараз, Қордай, Алматы және Қорғас арқылы өтетін халықаралық көлік дәлізінде 51 км жол жабыны жаңартылады. Компанияның мәліметінше, бұл маршрут елдегі ең көп жүктеме түсетін және экономикалық тұрғыдан маңызды көлік учаскелерінің бірі болып табылады. Ол батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерді ірі логистикалық орталықтармен және Қытаймен шекарадағы өткізу пункттерімен байланыстырады.

Бұдан бөлек, жоба Шымкенттің Солтүстік айналма жолының 27 шақырымын қамтиды. Уаскесін жаңарту өткізу қабілетін арттыруға және қалалық желіге түсетін жүктемені азайтуға көмектеседі.

Жаңарту жұмыстары елдің орталық бөлігін де қамтиды. Жұмыстар Астана – Атбасар – Жақсы – Рузаевка – Сарыкөл – Қостанай бағытындағы учаскелерде жүргізіледі. Жалпы ұзындығы – 41 км.

Төмендегі жолдардың жекелеген учаскелерінің жай-күйін жақсарту жоспарлануда:

  • Қызылорда – Жезқазған – Қарағанды – Шідерті;
  • Қарағанды – Аягөз – Тарбағатай – Боғас;
  • «Сыпатай батыр» өткізу пункті арқылы Қырғызстан шекарасына батыс кіреберіс.

«Тұтастай алғанда, жобаны жүзеге асыру қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға, жол жабынының сапасын жақсартуға, неғұрлым тұрақты логистиканы қамтамасыз етуге және республикалық желінің негізгі маршруттарында өткізу қабілетін арттыруға мүмкіндік береді», – деп қорытындылады компанияда.

Айта кетейік, 2025 жылы елде 13 мың шақырым автокөлік жолы салынып жөнделген. Жаңа жолдардың ұзындығы – 1,9 мың шақырым.

Сондай-ақ оқыңыз