Тоқаев Брюссельде Еуропалық инвестициялық банктің басшылығымен кездесті

Брюссельге ресми сапары аясында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуропалық Одақ пен Еуропалық инвестициялық банктің (ЕИБ) жоғары лауазымды тұлғаларымен маңызды кездесулер өткізді.
Мемлекет басшысы Сауда және экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі еурокомиссар Марош Шефчовичпен, ЕО-ның Орталық Азия бойынша арнайы өкілі Эдуардс Стипрайспен және ЕИБ вице-президенті Марек Морамен келіссөздер жүргізді.
Әңгімелесу барысында Президент ЕО көшбасшылары Антониу Коштамен және Урсула фон дер Ляйенмен болған кездесулердің қорытындысын жоғары бағалады. Оның айтуынша, бұл келіссөздер Астана мен Брюссель арасындағы стратегиялық әріптестікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашқан.
12 миллиард долларлық келісімдер – сенім белгісі
Қасым-Жомарт Тоқаев бұл сапардың экономикалық тұрғыдан өте жемісті болғанын қадап айтты. Сапар аясында жалпы құны 12 миллиард доллардан асатын коммерциялық келісімдер мен меморандумдар пакетіне қол қойылған. Мемлекет басшысы бұл көрсеткіш еуропалық ірі бизнестің Қазақстан экономикасына және елдегі саяси-экономикалық реформаларға деген жоғары сенімін дәлелдейтінін жеткізді.
Сонымен қатар, Президент Еуропалық инвестициялық банкпен арадағы серіктестіктің нәтижелі сипатын атап өтті. Аталған қаржы институтымен бірлескен жобалар Қазақстанның орнықты дамуына және аймақтық көлік-логистикалық байланыстарды күшейтуге септігін тигізбек.
Еуропалық тараптың мәлімдемесі
Өз кезегінде еуропалық серіктестер Қазақстанмен арадағы байланысты нығайтуға мүдделі екендіктерін білдірді.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ресми сапары Еуропалық Одақ пен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастың жаңа кезеңіне жол ашады», – деп атап өтті Сауда және экономикалық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі еурокомиссар Марош Шефчович.
Оның айтуынша, қол жеткізілген коммерциялық уағдаластықтар – екі тараптың көпжылдық бірлескен еңбегі мен күш-жігерінің заңды нәтижесі.
Кездесу қорытындысы бойынша тараптар екіжақты күн тәртібіндегі барлық өзекті бағыттар бойынша сындарлы диалогты белсенді жалғастыруға уағдаласты.
Айта кетейік, осыған дейін Тоқаев пен ЕО лидерлерінің келіссөздер қорытындысы жария болған еді.