Денсаулық сақтау министрлігі Ербаян Мұхтардың өлімінен кейін мәлімдеме жасады

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Ербаян Мұхтардың ауруханада жүрегі тоқтап қалды / Фото: kursiv.media коллажы

Ұлттық ұланның әскери бөлімінда жарақат алып, бірнеше жыл ауыр жағдайда ауруханада жатқан Ербаян Мұхтар қайтыс болды. Содан кейін Денсаулық сақтау министрлігі Ербаянның өліміне қатысты мәлімдеме жасады.

«Дәрігерлер үш жылға жуық уақыт бойы науқастың өмірін сақтап қалу үшін күресті. Алайда алған аса ауыр жарақаттары салдарынан миында өзгерістер болып, науқастың өмірін сақтап қалу мүмкін болмады», – деп мәлімдеді министрлік.

Ербаян Мұхтар 2023 жылдан бері аса ауыр жағдайда болған. Қарқынды терапия жүргізілгеніне қарамастан, өмірі үшін маңызды көрсеткіштер біртіндеп нашарлаған.

«Қандағы оттегі сатурациясының төмендеуі, жүрек ырғағының бұзылуы және гемодинамиканың тұрақсыздығы тіркелді. Науқастың жағдайы аса ауыр күйінде қалды.

Медицина мамандары тарапынан барлық қажетті реанимациялық және емдік іс-шаралар кешені толық көлемде жүргізілді», – делінген ақпаратта.

2026 жылдың маусым айында негізгі ауыр сырқатына инфекциялық асқынулар, сепсис қосылған.

«2026 жылдың 23 маусымы сағат 21:40-та науқастың биологиялық өлімі тіркелді. Өлімнің тікелей себебі – ауыр бас-ми жарақатының салдары мен оған қосылған асқынулар аясында дамыған көп ағзалық жеткіліксіздік», – деп хабарлады дәрігерлер.

Ербаян Мұхтардың оқиғасы

Ербаян Мұхтар Алматы қаласындағы Ұлттық ұланының 5571 әскери бөлімінде мерзімді әскери қызмет өткерген. 2023 жылдың желтоқсанында ол ауыр бас-ми жарақатын алып, комаға түскен.

Әскери бөлім басшылығы сарбаздың туыстарына Ербаянның «дәретханада құлап, басын плиткаға соғып алғанын» айтқан. Алайда ауруханаға түскен кезде дәрігерлер оған мидың ауыр жарақаты, жедел субдуралды гематома, шүйде сүйегінің сынуы және өзге де ауыр жарақаттар диагнозын қойған. Ербаян бірнеше операцияны бастан өткеріп, сал болып қалған.

Туыстары жазатайым оқиға туралы нұсқаға сенбей, жағдай қоғамда үлкен резонанс тудырды.

Қазақстандықтар Ербаянның еміне 224 миллион теңгеден астам қаржы жинаған. Кейін Денсаулық сақтау министрлігі, ІІМ және Қорғаныс министрлігі емдеу мен Ыстанбұлға ұшуды ұйымдастыруға көмектесті.

Сондай-ақ оқыңыз