Қазақстандық инвесторлар қандай компаниялардың бағалы қағаздарын сатып алып жатыр

Жарияланды
Business news бөлімінің редакторы
Қазақстан әлем нарығына 2,5 млрд долларға еурооблигация орналастырды / коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов
Инвестолар кірісі жоғары облигацияларды сатып алды/ коллаж: Kursiv.Media, бильд-редактор Ахтам Зиперов

Өткен аптада қазақстандық инвесторлар теңгедегі секторда BI Development, KMF Банк және Capital Leasing Group компанияларының облигацияларына үлкен қызығушылық танытты. Ал доллардағы секторда BASS Gold пен Fincraft Group компанияларының борыштық қағаздары ең көп таңдалған активтер қатарына енді.

Teniz Capital Investment  сарапшыларының талдауынша, нарық қатысушылары тұрақты табыс әкелетін құралдарға қаржы құйып жатыр.

Биржада негізінен мемлекеттік бағалы қағаздар сауда-саттығы қызған. Олардың екінші деңгейлі нарықтағы орташа кірістілігі жылдық 14,5%-15,95% аралығында қалыптасты. Қазіргі уақытта нарықта инверсия құбылысы байқалады.

Яғни қысқа мерзімді (2026–2027 жылдары өтелетін) мемлекеттік облигациялар бойынша жоғары пайыз(15,6% – 16%) ұсынылса, ұзақ мерзімді (2032–2033 жылдары өтелетін) қағаздардың кірістілігі 14,5% маңында төмен болып тұр.

Бұл жағдайға қысқа мерзімдегі тәуекелдер үшін жоғары сыйақы сұрау және болашақта пайыздық мөлшерлемелер төмендейді деген болжам себеп.

Саудаға қатысушылардың қатары корпоративтік секторда көп болды. Инвесторлар тәуекелге бел буып, жоғары табыс табуға ұмтылып жатыр.

Теңгемен шығарылған корпоративтік қағаздардың орташа кірістілігі жылдық 20%-23% аралығында қалыптасқан.

Мемлекеттік және корпоративтік облигациялар арасындағы пайыздық айырмашылықтың жоғары болуы сектордың тартымдылығын арттырып отыр. Теңгедегі корпоративтік қағаздар ішінде ең танымалдары: «BI Development» (кірістілігі – 20,00%), «KMF Банкі» (кірістілігі – 20,98%) және «Capital Leasing Group» (кірістілігі – 23,00%) болды.

Жаһандық нарықтардағы белгісіздік пен теңге бағамына қатысты болжамдар аясында шетелдік валютадағы активтерге деген сұраныс тұрақты. Долларлық корпоративтік облигациялардың кірістілігі 10%-11% (кейде 12,91%-ға дейін) шегінде болды.

Мұнда Fincraft Group, «Смартолет Финанс», «Лизинг Групп» және BASS Gold қағаздары үлкен сұранысқа ие болды.

Халықаралық деңгейде инвесторлар АҚШ, Венгрия және Оңтүстік Африка Республикасының мемлекеттік облигацияларын жиі таңдаған.

Жалпы алғанда, қазіргі сұраныс құрылымы инвесторлардың жоғары табысты бекітіп алуға деген ұмтылысы мен тәуекелдерге деген сақтығы арасындағы теңгерімді көрсетеді. Нарыққа алдағы уақытта да Ұлттық Банктің сигналдары мен инфляция динамикасы әсер ететіні анық.

Облигация – қарыздық бағалы қағаз. Қарапайым тілмен айтқанда, облигация сатып алу – мемлекетке немесе компанияға қарызға ақша беру деген сөз. Сіз облигацияны сатып алған кезде, облигация шығарушы компанияға немесе мемлекетке белгілі бір уақытқа ақша қарызға бересіз. Сол мерзім аяқталғаннан кейін, олар сізге негізгі соманы және келісілген пайызыңызды қайтарады.

Сондай-ақ оқыңыз