FT: Ким Чен Ын билікті қызына тапсыруға дайындалып жатыр

Солтүстік Корея басшысы Ким Чен Ынның 13 немесе 14 жастағы қызы Ким Джу Э көпшілік алдына жиі шығып жүр. Мәселен, әке мен қыз жақында әскери кемеге бірге барған. Financial Times басылымы жасөспірім қыз Солтүстік Кореяның келесі диктаторы болуы мүмкін деген болжам жасады.
FT жыл сайын Солтүстік Кореяның басқарушы элитасының ел басқарған бұрынғы екі көсем – Ким Ир Сен мен Ким Чен Ирдің бальзамдалған денелеріне тағзым ету үшін Кумсусан сарайына жиналатынына мән берді. Биыл осы ғұрып кезінде елеулі өзгеріс болған. Қазіргі басшы Ким Чен Ын қызы Ким Джу Эні ортаға алып суретке түскен.
Басылым саяси билік жас қызды жергілікті халық пен бүкіл әлемге таныстыру деп топшылайды. Бұған қоса, жақында жасөспірім қыз әкесімен бірге құрлықаралық баллистикалық зымыран сынағына қатысқан.
Ким Джу Э танк басқарып, қарумен нысана көздеген. Лауазымы жоғары генералдар оның алдында тізерлеп тұрып, қару қолдану тәртібін түсіндірген.

Солтүстік Кореяға қатысты сарапшылар, соның ішінде Оңтүсік Корея ұлттық барлау қызметі де, Ким Чен Ын қызын басқарушы қызметке дайындап жатыр деп есептейді.
Қырықтан енді асқан диктатордың нақты қанша баласы бары белгісіз. Бірақ сарапшылар Ынның үш баласы бар деп болжайды. Қызы енді ғана көпшілік алдына шыға бастаса, қалған екеуі туралы мәлімет жоқтың қасы.
Ким Чен Ын Солтүстік Кореяны 17 жыл басқарған Ким Чен Ирдің үшінші баласы. Оның балалық шағы Швейцариядағы халықаралық мектепте өтті. 2008 жылы КХДР басшысының жүрегі сыр беріп, элита тез арада билікті табыстауға дайындала бастады. Үш жылдан кейін диктатордың ұлы билікке келді.
FT Ким Чен Ын биліктегі ықпалын арттыру үшін бірнеше жақын туысын өлім жазасына кесті немесе көзін жойды деп жазды. Соған қарағанда, диктатор осындай жағдай қайталанбас үшін, билікті тапсыру ісін ертерек бастаған жөн деп шешкен болуы керек.
2026 жылғы мамырда Солтүстік Корея Конституциясы өзгеріп, құжаттан Оңтүстік Кореямен бірігу туралы ережелердің бәрі өшірілген.