Алматы – Қорғас тасжолында көлік апатынан үш адам қаза тапты

Алматы облысында жол апатынан үш адам қаза тапты. Қайғылы жол апаты дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды деп хабарлады Алматы облысының полиция департаменті.
Жол-көлік оқиғасы 23 маусымда Алматы – Шелек – Қорғас автожолының 132-шақырымында болған.
Алдын ала мәліметтер бойынша, Haval автокөлігінің жүргізушісі қарсы бағытқа шығып кетіп, Audi 100 көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан Audi жүргізушісі мен екі жолаушысы алған жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмды.
Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі уақытта қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Haval жүргізушісі қамауға алынды. Оқиғаның барлық мән-жайы мен себептері анықталып жатыр.
Тергеу барысы облыстық полиция департаменті басшылығының бақылауына алынды.
Бұған дейін Ақмола облысында жол апаты болып, бірден үш көлік соқтығысқан. Екі көлік сол мезетте жанып кеткен. Жол апатынан бес адам қайтыс болды.