Қазақстандағы курьерлер айына 1,5 млн теңге таба ма

Соңғы уақытта жұмыс іздеу платформаларында курьерлердің айына 1–1,5 млн теңгеге дейін табыс таба алатыны туралы хабарландырулар жиі жариялануда. Осыдан кейін курьерлердің нақты табыс деңгейі қызу талқыға түсті. Finprom.kz сарапшылары еңбек нарығындағы деректерді талдап, курьерлердің нақты табысы қанша екенін анықтауға тырысты.
Жоғары табыс бәріне бірдей қолжетімді емес
Мұндай жоғары табыс туралы ұсыныстар негізінен Алматы, Астана және Қарағанды сияқты ірі қалалардағы жеткізу қызметтеріне қатысты. Әсіресе азық-түлік, дәрі-дәрмек және дайын тағам жеткізумен айналысатын ірі сервистер курьерлерге жоғары жалақы ұсынады.
Hh.kz порталындағы мәлімет бойынша, Алматыда жүк көлігімен немесе дайын тапсырыстарды жеткізетін курьерлер айына 1,3–1,5 млн теңгеге дейін табыс табуы мүмкін. Ал мотокурьерлер мен электр велосипедін пайдаланатын курьерлердің табысы 650 мыңнан 1,1 млн теңгеге дейін жетеді.
Миллион табыстың өз шарты бар
Алайда мұндай көрсеткіштерге тек тапсырыс көлемі көп болғанда және ұзақ ауысыммен жұмыс істеген жағдайда ғана қол жеткізуге болады. Сонымен қатар көрсетілген сомаларға көлік шығындары, жанармай, салықтар мен міндетті төлемдер кірмейді. Курьерлердің басым бөлігі жеке кәсіпкер ретінде жұмыс істейтіндіктен, бұл шығындарды өздері өтейді.
Enbek.kz электрондық еңбек биржасындағы деректерге сәйкес, электронды сауда мен жеткізу сервистерінен тыс ұйымдардағы курьерлердің жалақысы айтарлықтай төмен. Мұндай бос орындарда еңбекақы көлемі көбіне 85–103 мың теңге аралығында болады.
Жоғары жалақы қай жерде төленеді
Сарапшылардың пікірінше, курьерлердің жоғары табысы негізінен жеткізу қызметіне сұраныс жоғары ірі қалаларға тән. Ал экономикалық белсенділігі төмен өңірлерде бұл нарық әлдеқайда әлсіз, сондықтан курьерлердің табысы да төмен болады.
Курьерлер шынымен 1,5 млн теңге таба ма
Ашық дереккөздерде, форумдар мен әлеуметтік желілерде айына 1,5 млн теңге табатын курьерлер туралы нақты мысалдар кездеспейді. Бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланған материалдарға сүйенсек, Алматы мен Астанадағы курьерлердің орташа табысы шамамен 300 мың теңгені құрайды. Ал ең белсенді әрі тапсырысы көп қызметкерлердің айлығы 450–500 мың теңгеге дейін жетеді.
Кейбір ірі жеткізу платформаларында курьерлердің күніне 50 мың теңгеге дейін табыс таба алатыны айтылады. Алайда мұндай кіріс жоғары жүктемемен жұмыс істеген жағдайда ғана мүмкін. Мысалы, айына 20 күн жұмыс істесе, табыс көлемі шамамен 1 млн теңгеге жетуі ықтимал. Бірақ бұл сомадан салықтар мен басқа да міндетті төлемдер шегеріледі.
Ресми статистика не дейді
Ұлттық статистика бюросының мәліметіне сәйкес, биылғы жылдың бірінші тоқсанында пошта және курьерлік қызмет саласындағы орташа айлық жалақы 291,9 мың теңгені құраған.
Соңғы жылдары бұл көрсеткіш тұрақты өсіп келеді. Мәселен, 2022–2024 жылдар аралығында саладағы орташа жалақы 188,5 мың теңгеден 261,8 мың теңгеге дейін көтерілген. Сарапшылар мұны жеткізу қызметтеріне сұраныстың артуымен және жұмыс күшіне деген бәсекенің күшеюімен байланыстырады.
Айта кетейік қазір нарықтың 80–90%-ын курьерлік қызметтер алып отыр. Маркетплейстердің дамуы «қолдан-қолға» жеткізуді қалыпты үрдіске айналдырды, ал Қазақстандағы e-commerce үлесі бөлшек саудада 17,1%-ға жетіп, әлемдік деңгейдегі 20,5%-ке жақындады.