Астана-Семей пойыз жолына Starlink интернеті қосылды

«Арай транс KZ» компаниясының Астана – Семей – Достық бағытындағы №121/122 пойызында Starlink интернеті қосылды. Бұл туралы Көлік министрлігі хабарлады.
Интернетке қосылу үшін пойыздағы Wi-Fi желісін таңдап, авторизациядан өту қажет. Жол бойы WhatsApp және Telegram-да хабарлама жазуға, басқа әлеуметтік желілерге кіруге, жұмыс істеуге мүмкіндік болады. Интернет ақылы, Kaspi.kz, Halyk, Apple Pay, Google Pay, Visa және MasterCard арқылы төлем жасай алады.
«Технологияны енгізу Қазақстандағы теміржол тасымалдаушыларының цифрлық және телекоммуникациялық шешімдер саласындағы көпжылдық серіктесі – Kaztechnology инженерлік компаниясының қатысуымен жүзеге асырылды», – деп хабарлайды ведомстводан.
Жасанды интеллект және цирфлық даму министрлігінің мәліметінше, жыл соңына дейін Қазақстандағы 27 жолаушылар пойызына спутниктік интернет іске қосылуы керек.
Қазақстаннан кейін жақында Қырғызстан да Starlink-пен серіктестік орнатқан.