Ресейде бензин бағасы рекордтық қарқынмен қымбаттады

Жарияланды 25 Маусым 2026 10:27

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Нұрсұлтан Ерболатұлы

Business news бөлімінің аға журналисі nursultankaseke@gmail.com
Ресейде бензин мен дизель бағасы күрт өсті / Фото: Shutterstock

Ресейде жанармай бағасы тағы да күрт көтерілді. Reuters мәліметінше, 16-22 маусым аралығында Ресейдегі жанармай құю бекеттерінде автобензиннің орташа бағасы бір апта ішінде 3,0%-ға өскен. Бұл – биылғы ең жоғары апталық өсім. Бір апта бұрын, яғни 9-15 маусымда бензин 1,0%-ға қымбаттаған еді.

Дизель отыны да арзандаған жоқ. Росстат дерегінше, аталған кезеңде дизель бағасы 2,7%-ға көтерілген. Ал бұған дейінгі аптада өсім 0,8% болған.

Бағаның күрт өсуіне Ресейдің орталық бөлігіндегі бірқатар ірі мұнай өңдеу зауыттарының жұмысын тоқтатуы әсер еткен. Reuters мәліметінше, зауыттар дрон шабуылдарынан кейін өндіріс көлемін қысқартуға мәжбүр болған. Соның салдарынан маусымның екінші онкүндігінің соңына қарай Ресейде автобензин өндірісі өткен жылдың маусымымен салыстырғанда 25%-ға төмендеген.

Бұл нарықта тапшылық қаупін күшейтіп, жанармай бағасына қысым түсіріп отыр.

Росстат дерегінше, 16-22 маусым аралығында бензин бағасы Ресейдің 78 өңірінде өскен. Ең қатты қымбаттау Дағыстанда тіркелді – 16,5%. Шешенстанда баға 15,2%-ға көтерілген. Мәскеуде бензин 1,9%-ға, Санкт-Петербургте 0,2%-ға қымбаттады.

22 маусымдағы жағдай бойынша Ресейде бензиннің орташа бағасы литріне 71,20 рубль болды. Бір апта бұрын бұл көрсеткіш 69,11 рубль еді.

АИ-92 бензині литріне 67,54 рубльге дейін қымбаттады. АИ-95 бағасы 73,20 рубльге жетті. АИ-98 маркалы бензин 96,51 рубль болды. Ал дизель отынының орташа бағасы литріне 82,93 рубльге көтерілді.

Росстат есебінше, 2026 жылдың басынан бері Ресейде бензиннің бөлшек саудадағы бағасы 9,8%-ға өскен. Дизель отыны 8,6%-ға қымбаттаған.

Соңғы жылдары Ресейде жанармай бағасы инфляциямен қатар, кей кезеңде одан да жылдам өсіп келеді. 2025 жылы бензин бағасы 10,78%-ға көтерілсе, сол жылғы инфляция 5,59% болған. 2024 жылы бензин 11,13%-ға, ал инфляция 9,52%-ға өсті. 2023 жылы жанармай 7,2%-ға қымбаттап, инфляция 7,4% деңгейінде болды. 2022 жылы бензин бағасы небәрі 0,9%-ға өссе, жалпы инфляция 11,9%-ға жеткен еді.

Осылайша, Ресейдегі мұнай өңдеу зауыттарына жасалған шабуылдар тек өндіріс көлеміне ғана емес, ішкі нарықтағы жанармай бағасына да тікелей әсер ете бастады. Өндіріс қысқарған сайын тапшылық тәуекелі күшейіп, бағаның әрі қарай өсу қаупі сақталып отыр.

Тағы да оқыңыз: Мәскеу қаласы мен облысы дрондардың жаппай шабуылына ұшырағанын жазған едік

Сондай-ақ оқыңыз