Қазақстанда электрокөліктердің нөмірінің түсі өзгереді – Тоқаев заңға қол қойды

Жарияланды
General news бөлімінің аға журналисі
Фото: CATL, бильд-редактор: Дастан Шанай

Қазақстанда электромобильдер үшін арнайы мемлекеттік тіркеу нөмірлік белгілері енгізіледі. Тиісті заңға Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойды.

Мемлекет басшысы «цифрландыру, дербес деректерді қорғау, жол жүрісі және көліктегі озық технологияларды реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Тиісті норма осы заңның 70-бабына енгізілген.

Ішкі істер министрлігінің түсіндіруінше, арнайы нөмірлер электромобильдерді жолда жылдам анықтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ болашақта электромобильдерге арналған арнайы шарттар немесе жеңілдіктер енгізілсе, оларды қолдану мен бақылау жеңілдейді.

Электромобильдердің нөмірлік белгілері кәдімгі мемлекеттік нөмірлерден сыртқы ерекшеліктерімен ажыратылатын болады. Парламент қабырғасындағы талқылау барысында ІІМ өкілдері халықаралық тәжірибеге сүйеніп, экологиялық таза көліктерге арналған нөмірлерде жасыл түсті элементтер жиі қолданылатынын атап өткен.

Электромобильдерге басқа түсті нөмірлер не үшін керек

Депутаттардың айтуынша, қазіргі уақытта камералар мен техникалық жүйелер электромобильдерді тез анықтай алмайды. Бұл ақылы тұрақтарда, қуаттау бекеттерінде, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарға кіреберісте және көлік түрін бірден анықтау қажет болатын басқа да жерлерде қиындық туғызады. Сол себепті оларға басқа түсті нөмірлер берілуі мүмкін.

Сондай-ақ оқыңыз