Венесуэла билігі зілзаладан зардап шеккендер санын жариялады

Жарияланды
Business news бөлімінің аға журналисі
Венесуэла зілзаладан зардап шекті
Каракас қаласындағы құтқару жұмыстары / фото: REUTERS/Leonardo Fernandez Viloria

7,5 балдық зілзаладан кем дегенде 32 адам қаза тауып, жүздеген адам жараланған. Венесуэла басшысы апат құрбандарының саны өсетінін ескертті.

25 маусым, бейсенбі күні таңертең Венесуэлада болған жойқын зілзаладан кем дегенде 32 адам қаза тауып, 700 адам жараланған. Мәліметті президент міндетін атқарушы Дельси Родригес жариялады. Ол табиғи апат құрбандарының саны өсетінін ескертіп отыр.

Бұған дейін АҚШ геологиялық қызметі (USGS) санаулы минуттың ішінде болған екі ірі дүмпуден 10 мыңнан 100 мыңға дейін адам зардап шегуі мүмкін екенін ескерткен. Америкалық қызмет осы зілзала Венесуэла тарихында бір ғасырдан астам уақытта тіркелген ең қуатты дүмпу екенін анықтаған. 1900 жылы Каракас қаласына жақын маңда магнитудасы 7,7 балдық жойқын зілзала болған.

Венесуэла зілзаладан зардап шекті
Каракас қаласында қираған үйге қарап екі тұрғын / фото: REUTERS/Gaby Oraa

Осы жолғы дүмпу ошағы Венесуэла астанасынан батысқа қарай 160 км жерде, 13 км тереңдікте орналасқан. Алғашқы дүмпу 25 маусымда Астана уақытымен таңғы сағат 04:04-те, ал екінші негізгі дүмпу одан 39 секундтан соң – сағат 04:05-те болды. Бұл уақытта Венесуэлада сәрсенбінің кеші еді.

Латын Америкасындағы осы елде төтенше жағдай жарияланып, құтқару жұмыстары жүріп жатыр. АҚШ билігі құтқарушылар тобы мен гуманитарлық көмек жолдайтынын мәлімдеді. Нью-Йорктегі түрмеде отырған экс-президент Николас Мадуро атынан халыққа үндеу жолданды.

Венесуэладағы зілзаладан 26 минут өткенде Жапонияда 6,9 балдық жер сілкінісі тіркелді.

Сондай-ақ оқыңыз