
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (ҚНРДА) ірі банктердің ішкі тәуекелі мен дағдарысқа төзімділік деңгейін көрсететін жыл сайынғы стресс-тест қорытындысын әр банк бойынша ашық жариялады. Тексеріске банк секторы активтерінің 86%-ын және несие қоржынының 87%-ын иеленіп отырған 11 банк қатысқан.
Талдау нәтижесіне сәйкес, дағдарыс кезінде туындайтын шығындарды жабу үшін қажет қор ақшасын бірнеше банк көбейтуі керек екені анықталды. Атап айтқанда провизиясын:
- Alatau City Bank – 18,8%;
- «Еуразиялық банк» – 16,6%;
- ForteBank – 12,5%;
- «Банк ЦентрКредит» – 12,4%;
- Bank RBK – 11,3%-ға өсіруге тиіс.
Бұл пайыздар аталған банктердің дағдарыс кезіндегі шығын көлемін сипаттайды. Стресс-тест барысында негізгі соққы нарықтық және несие тәуекелдеріне келгенімен, банктердің таза пайыздық және басқа да кірістері шығындарды ішінара өтеп, теңгерімді сақтауға септігін тигізген.
Тексеріс банк секторының жалпы капитал қоры заңнамалық тұрғыдан бекітілген ең төменгі көрсеткіштен айтарлықтай жоғары екенін көрсетті.
Сынақ нәтижесінде банктердің негізгі капиталының жиынтық көрсеткіші 16,1%-ды құрады. Бұл реттеуші талап ететін ең төменгі шектен (5,5%) үш есе артық.
Тестілеу қорытындысы бойынша ҚНРДА әр банкке жекелей баға беріп, олардың осалдық деңгейіне байланысты 0%-дан 3%-ға дейінгі аралықта дербес капитал буферін белгілеген
Бұл құрал банктердің тұрақтылығын арттырумен қатар, олардың қаржылық саясатына тікелей әсер етеді.
Атап айтқанда, белгіленген буфер деңгейі жоғары болған сайын, банктің таза пайданы акционерлерге дивиденд ретінде төлеу мүмкіндігі шектеледі. Мұндай қадам реттеуші тарапынан банктердің тапқан табысын сыртқа шығармай, капиталды ішкі тұрақтылықты нығайтуға бағыттауды талап ететін пәрменді тетік болады.
Былтырғы тексеріс 11 банктің балансында 2,7 трлн теңге мерзімі өткен берешек бар екенін анықтаған.